Бұл театрдың 47 жылдан кейінгі екінші сапары. Бұл сапарда Жастар театры әлемдік деңгейдегі барлық театрда өз өнерін көрсете алатындығын дәлелдеді. Бұл туралы бүгін Алматыда аталмыш театрдың Ресей астанасынан гастролдік сапардан оралуына орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, барлық қойылымдар аншлагпен өткен. «Көрермендер тұрып қошемет көрсетті. Барлығы қазақ әртістерінің өнеріне тәнтті болды, мен бірде -бір сын естіген жоқпын. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, байланысымыз азайып, қазақ өнерінен бейхабар қалған ел бізді қалай қабылдар екен, көрермендердің көңілінен шыға аламыз ба ба деп ойлаған едік. Қойылымдар да, сапар да мен ойлағаннан жақсы өтті. Мәскеу жұртшылығы ыстық ықыласпен қабылдады. Қойылым кезінде, жанымда отырған көрермендер аударманың сауатты аударылғанын айтып, ризашылығын білдірді», деді ол.
Гастроль Армен Джигарханян басқаратын Мәскеу драма театрында өткен. «Театр 3 қойылым апарды. Ашылу салтанатында режиссер Талғат Теменовтың «Бұлбұлдар түні» драмасы, екінші күні оның «Мулен-Ружға шақыру» лирикалық комедиясы қойылды. Ал, үшінші күні Иран- Ғайыптың «Қорқыттың көрі» деп аталатын аңыз-дастан қойылымы көрсетілді. Қойылымдарға орыс тілінде ілеспе аударма беріліп отырды. Басты рөлдерде Мухитдин Шынтаев, Жанар Мақашева, Жомарт Зейнәбіл сынды біздің жас әртістеріміз ойнап, өнерлерімен көрермендердің көңілінен шыға білді. Қазақ әртістерінің өнерін көруге және бағалауға Ресейдің халық әртістері Роман Виктюк, Сергей Соловьев, танымал театр режиссері Кама Гинкас, бәрімізге белгілі актриса Наталья Арынбасарова, кинорежиссер Рашид Нұғманов және тағы да басқа көптеген өнер майталмандары келді», деді театрмен гастролдік сапарда болып қайтқан театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай. «Қазіргі уақытта Мәскеудің өзінде 202 театр бар. Ресей астанасы - бүгінде рухани бағыт- бағдар орталығы болып отыр», деді Әшірбек Сығай.