ОРАЛ. 22 наурыз. ҚазАқпарат - Гастрольдік сапармен келген Мәскеу тәуелсіз театры А.Островский атындағы облыстық орыс драма театрында бір күнде үш спектакль қойды.
Мәскеулік атақты актерлер оралдық көрермендерге М.Булгаковтың «Иттің жүрегі» повесі бойынша қойылған спектакльді ұсынды. Бұдан жеті жыл бұрын премьерасы болған аталмыш спектакльдің өміршең мәселелерді қозғайтыны сондай, көрермендерді бірден баурап алады. Бұған дейін Ресейдің көптеген қалаларында қойылған туынды енді қазақстандықтарға жол тартты. Оралда екі спектакль жоспарланса, көрермендердің ықылас-тілегіне орай үш қойылым көрсетілді.
Белгілі театр және кино актері, Ресейдің халық әртісі, аталмыш спектакльде профессордың ролінде ойнайтын Владимир Стекловтың айтуынша, «Иттің жүрегі» Ақтөбе, Көкшетау, Рудный және басқа қалаларда қойылмақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).