Мәскеу түбінде өлтірілген адам Қазақстан азаматы - ҚР СІМ
«Бұрын хабарлағанымыздай, Мәскеудегі Қазақстан елшілігі Люберцы қаласының тергеу бөліміне сауал жолдады. Бүгін біз жауабын алдық, онда Люберцы қаласының тергеу бөлімі 10 қазан күні 1966 жылы туған Қазақстан азаматының зорлық-зомбылық белгілерімен өлтірілуіне байланысты РФ ҚК 145 бабы 1 бөлімі «Кісі өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалғандығын хабарлады», - деп атап өтті «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісіне берген жауабында ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов.
ҚР СІМ мәлім еткеніндей, қазіргі уақытта алдын ала тергеу тобы аталмыш оқиғаның орын алған жайттарын анықтап жатыр.
Айта кетейік, 10 қазан күні кешке полиция Люберцыдағы «Торпедо» футбол стадионына кіре берістен 100 метр жерде адам мәйітін тапты. Криминалистер ер адамның денесі пышақпен аяусыз тілімделгенін анықтады. Life.ru порталының хабарлауынша, құжаттар мен ұялы телефон орнында болған. Сол арқылы марқұмның аты-жөні анықталды. Ол 50 жастағы Қазақстан азаматы Николай Н. деп хабарланған болатын. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.