Мәскеу түбіндегі Красноармейскіде Қазақстан мен Орта Азия халықтарының соғыс жылдарындағы мейірімі мен қонақжайлығын еске алуға арналған акция өтті

МӘСКЕУ. 13 маусым. ҚазАқпарат - Мәскеу түбіндегі Красноармейскіде Ресейде алғаш рет Орта Азия елдері мен Қазақстан халықтарының мейірімділігі мен қонақжайлығын еске алуға арналған «Паналатқандарға тағзым» атты акция өтті.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, шара БКП(б) ОК мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің 1941 жылғы 24 маусымдағы халықты көшіру туралы қаулысы шығуы күніне арналды.

Еске алу шарасын Красноармейск әкімшілігі қала жұртшылығының бастамасымен ұйымдастырды. Шақырылғандардың арасында - елшіліктер өкілдері, астаналық аймақта тұратын ұлттық диаспоралардың белсенділері мен көшбасшылары, сондай-ақ Мәскеу облысы Қоғамдық палатасының мүшелері болды. Акцияға сондай-ақ Ұлы Отан соғысы кезінде көшірілген Красноармейск тұрғындары қатысты.

Кездесуге қатысушылар Красноармейск әкімшілігінде болды, жалпы білім беретін мектепте жас ұрпақпен кездесті. Акцияның ерекшелігі - келген қонақтарға дастарқан жайылды6 өйткені, сол кезде жергілікті тұрғындар босқындарға бір үзім нанды аузынан жырып берген болатын. Орталықазиялық халықтардың дәстүрлі тағамдары - таба нан, бауырсақ, қатық немесе жүзім сияқты тағамдар қойылып, сол кездегі жүдеу кезең еске алынды.

Красноармейск әкімшілігі басшысының орынбасары Ольга Клюеваның айтуынша, бұл Ресейде өткізіліп отырған Ұлы Отан соғысы жылдарындағы орталықазиялық халықтардың мейірбандығына арналған алғашқы акция. Бүгінде Красноармейскіде 50 ұлттың өкілдері тұрады, бұл акция біздің халықтарымызды жақындастыруға, ізгілікке, мейірбандыққа үндейді.

Шара бастамашысы, қоғамдық палатаның мүшесі Валерий Пашков «Паналатқандарға тағзым» акциясы 2012 жылы алғаш рет өткізілгенін, енді бұдан былай жыл сайын өткізу ұйғарылғанын атап өтті. Келесі жылы әкімшілік пен қоғамдық жұртшылық оны ауқымды фестиваль түрінде өткізбек.

Соғыс кезінде көшірілгендердің бірі Анатолий Трегуб - бұрын Алматы облысындағы Іле ауданының әкімі болған, қазір Красноармейскіде тұрады. Ол отбасы 1941 жылы Украинадан қоныс аударғанда өзі үш жаста болғанын әңгімеледі.

«Әлі есімде. Біз Жамбыл облысында тұрдық. Анам сауыншы болды. Біз қазақ тілін, қазақтар - орыс тілін оқып-үйренді. Мектептен кейін институт бітіріп, партиялық қызметтерде болдым, ел тәуелсіздік алғаннан кейін де сонда жұмыс істеп, өз үлесімді қостым. Мені өсіріп-тәрбиелеген қазақ жеріне алғысым шексіз», деді А.Трегуб.

Шара дастархан басында, шүйіркелесіп, Қазақстан мен Орта Азия тағамдарымен шай ішуге ұласты.