Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кирилл Алматыға келді

АСТАНА. Қаңтардың 17-сі. ҚазАқпарат - Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кирилл Астанадан Алматыға келді. Орыс Православ шіркеуінің басшысы Қазақстанға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен келді.

Жергілікті епархия өкілдерінің айтуынша, Мәртебелі мейман әуежайдан Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрына барады, мұнда оның Алматы жұртшылығымен кездесуі жоспарланған. Бұдан кейін Қазақстанға алғаш рет келген Патриарх Никольск соборында құлшылық рәсімдерін өткізеді, мұнда 1995 жылы Алексий ІІ құлшылық жасаған болатын. Осы жылдарда Қазақстанда елде жұмыс істеп тұрған православ храмдары мен соборларының үштен екісі жаңартылды немесе салынды (қазір олардың саны 300-ге жуықтады, алты монастырь ашылды).

Никольск храмының діндарлар үшін орны бөлек, оған жүз жылдан асты. Собор сәулетші Сергей Тропаревскийдің жобасымен салынды. Техникалық жобаларды сәулетші Андрей Зенков орындады және ол шіркеу құрылысы жұмыстарына басшылық етті. Собор 1911 жылы 10 баллдық жер сілкінісіне және кеңес заманындағы діндерді қудалауға төтеп берді. Вознесен кафедралдық соборының да тағдыры осы тақылеттес, ертең таңертең онда Патриарх Кирилдің қатысуымен құлшылық литургия өтеді.

Орыс Православ шіркеуі баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, биылғы жылы оның шетелдік сапарлары ауқымды. Көктемде ол Арменияда, Әзірбайжанда және ТМД-ның басқа да елдерінде болмақ.