Мәскеуде адам етін жеген ұсталды

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Құқық қорғау органдарының қызметкерлері сейсенбіге қараған түні, 17 мамырда Мәскеудің батысында адам етін жегенді ұстады.

ІІБ штабының қызметкері Алексей Савельевтің айтуынша, тұтқындалған адамның үйінен адам денесінің мүшелері табылған, деп жазады «Лента.ру».

Адам денесінің бөлшектелген мүшелері мамыр айының алғашқы күндерінен-ақ Ресей астанасының коллекторлары мен жертөлелерінде табыла бастаған. 12 мамырда Мәскеу өзенінің Карамыш жағалауында пластик қапшыққа оралған ер адамның басы, Барклай көшесі аумағында адамның екі табаны мен білегі, сонымен қатар алақандары және Царицыно тоғанында тағы бір алақан табылған. Табылған дене мүшелеріне қарағанда, адам жегіштің құрбандары бірнешеу болғанға ұқсайды.

РСН хабарлауынша, тұтқындалған адам наркологиялық және психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұрған көрінеді. Тексеріс барысы көрсеткендей, күдікті кішкентай күрекпен өз танысын мүшелеп тастаған. Бейресми мәліметтер бойынша, әлгі адамның кейбір мүшелерін тағам ретінде пайдаланған. Қалғандарын мүшелеп, қапқа салып, коллекторларда, жертөлелерде және Мәскеу өзеніне тастап отырған.