Мәскеуде Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған «Аңызға айналған батыр» кітабының тұсаукесері болды

ӘСКЕУ. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Мәскеуде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшілігінің резиденциясында Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы және жазушы Бауыржан Момышұлы туралы «Аңызға айналған батыр» кітабының тұсаукесері болды.

Іс-шараға ҚР Парламентінің депутаттары, қазақстандық дипломатиялық өкілдіктің қызметкерлері, екі ел ардагерлері ұйымдарының өкілдері, Ресей Федерациясындағы қазақстандық қоғамдық бірлестіктердің басшылары, сондай-ақ Мәскеу жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Зауытбек Тұрысбеков тұсаукесерді ашу кезінде сөйлеген сөзінде екі айтулы оқиғаның: Ұлы Жеңістің 65 жылдығы және Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.

«Даңқты қазақ ұлы Бауыржан Момышұлының жауынгерлік және шығармашылық жолы Қазақстаннан тыс жерлерге де кеңінен танымал. Бұл кітап - авторлар ұжымының көп жылғы қыруар жұмыстарының жемісі. Олар - көрнекті жазушылар, журналистер, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері», - деді З.Тұрысбеков.

Жинақта Бауыржан Момышұлының Мәскеу мұрағаттарында сақталған, бұрын жарияланбаған жазбалары, сұхбаттары, суреттері, сондай-ақ майдангер-достары - Мәлік Ғабдуллиннің, Дмитрий Снегиннің естеліктері орын алған.