Мәскеуде БЭК аясында өзара саудадағы тосқауылдарды жою мүмкіндіктерін талқыға салды.

None
МӘСКЕУ. 13 наурыз. ҚазАқпарат - Мәскеуде «Националь» қонақ үйінде «Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында өзара сауданы кеңейту мүмкіндіктері» атты тақырыпта «дөңгелек ұстел» өтіп жатыр.

Шараға БЭК «үштігінің» мемлекеттік орган қызметкерлері, Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа басшылығы, сонымен бірге үш мемлекеттің бизнес-қауымдастығының өкілдері қатысуда.

Пікірталас шеңберінде БЭК аясындағы ынтымақтастық жағдайы және перспективалары туралы, сауда ынтымақтастығын кеңейту жолында тосқауылдарды азайту, сонымен бірге үш мемлекеттің іскерлік орталарын біріктіру мәселелері талқыланды.

Пікірталасты аша отырып, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Ғалым Оразбақов өткен жылдың желтоқсан айында үш мемлекеттің президенттері 2014 жылдың мамыр айына дейін Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісім жобасын дайындауға және оны 2015 жылы қабылдауға келіскенін еске сала кетті.

«Қалған бір жарым жыл ішінде бізге өте қарқынды жұмыс жасау қажет. Бұл үдерісте адами фактор мәселесі пайда бола бастады. Атап айтқанда, өзара саудада, соның ішінде қазақстандық тауарлардың Ресей және Белорусь нарықтарына кіруі бойынша тосқауылдар бар, - деді Ғ.Оразбаков. - Өз нарығын қорғау мақсатын көздейтін техникалық сипаттағы мәселелер бар, өйткені үш мемлекет үкіметі алдына отандық өндірушіні қолдау міндеттері қойылған».

«Біздің мемлекеттеріміздің премьер-министрлер орынбасарлары ай сайын, кейде одан да жиі кездесіп тұрады, - деп атап өтті елші. - Пікірталастар ашық түрде өтуде, даулы сәттер де бар, әрине оларсыз болуы мүмкін емес».

Дипмиссия басшысының айтуынша, үш елдің мемлекеттік органдары және ұлтүсті органдары әріптес елдерде өзінің бизнесін кеңейту барысында кәсіпкерлік қауымдастық кезігетін өткір мәселелерді талқылау үшін ашық. Бүгінгі «дөңгелек үстел» ықпалдастық саласында қалыптасатын үрдістер сұлбасын нақтылауға және мүмкін жауаптар мен шешімдердің тізімін анықтауға мүмкіндік береді.

«Дөңгелек үстел» Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің және РФ-дағы ҚР-ның Сауда өкілдігінің бастамасымен ұйымдастыылды.