Іс-шара музыканттарды, қазақ диаспорасының өкілдерін, мәдениет қайраткерлерін және көпшілікті бір арнаға тоғыстырып, Ресей астанасының мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналды.
Мерекелік бағдарлама аясында концерттік қойылымдар, би нөмірлері ұсынылып, қазақ халқының дәстүрлі музыкалық мұрасы кеңінен таныстырылды. Фестивальдің басты нышаны ұлттық мәдениеттің байлығы мен өзіндік болмысын айшықтайтын домбыра болды.
Фестивальге қатысқан ресейлік дипломат Дмитрий Суворов домбырамен алғаш рет Қазақстанда қызмет еткен кезінде танысқанын және содан бері ұлттық аспапты меңгеруді жалғастырып келе жатқанын айтты.
— Бүгін біз Ұлттық домбыра күнін атап өтіп жатырмыз. Бұл — Қазақстанның ұлттық мерекесі. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл мереке Ресейде де аталып өтуде, — деді ол.
Домбыраны заманауи музыкалық жанрлармен үйлестіру туралы сұраққа жауап берген дипломат фестивальде бірнеше шығарма орындағанын жеткізді.
— Бүгін мен үш туынды орындадым: бірі — орыс халық әні, екіншісі — рок-н-ролл стиліндегі шығарма, үшіншісі — «Домбыра» атты ноғай әні, — деді Дмитрий Суворов.
Оның айтуынша, домбыраға арналған алғашқы авторлық шығармасы Қазақстанда жүрген кезінде дүниеге келген.
— Бұл «Домбра-блюз» әні болатын. Ол кезде мен домбырада ойнай алмайтынмын. Бір күні мейрамханаға кірсем, домбырашы өнер көрсетіп отыр екен. Сол сәтте осы аспапта міндетті түрде ойнауды үйренемін деп өзіме уәде бердім. Күйлерді де, қазақ музыкасын да білмегендіктен, өзім жақсы меңгерген рок-н-роллды орындадым. Кейін біртіндеп сөздері жазылып, осылайша ән дүниеге келді, — деді ол.
Кейін кәсіби ұстаздан тәлім алып, қазақтың дәстүрлі күйлерін меңгергенін айтты.
Дмитрий Суворов Қазақстандағы дипломатиялық қызметі аяқталғаннан кейін де музыкамен айналысуды тоқтатпағанын жеткізді.
— Мен Қазақстаннан 2023 жылы оралдым, содан бері үш жылдан бері Мәскеуде тұрып жатырмын. Соған қарамастан домбырада ойнауды жалғастырып келемін, — деді ол.
Оның айтуынша, бүгінде басқа музыкалық аспаптарға да көңіл бөледі. Дегенмен қобыз, сазсырнай және шаңқобыз сияқты қазақтың ұлттық аспаптарына қызығушылығы сақталған.
Оның пікірінше, қазақ домбырасы кең даланың тынысын, еркіндік рухын және табиғаттың үнін ерекше жеткізе алады.
Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік шаралар Ресейдің өзге қалаларында да өтті. Қазақстанның Қазандағы Бас консулдығының, Қазан федералдық университетінің және «Алмет» қоғамдық орталығының қолдауымен Қазан мен Әлмет қалаларында мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды.
«Қазақстан» қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы жанындағы жастар қанатының орындауында Құрманғазы Сағырбайұлының, Дина Нұрпейісованың, Тәттімбет Қазанғапұлының және басқа да көрнекті композиторлардың шығармалары орындалды.
Сонымен қатар түркі халықтарының ұлттық музыкалық аспаптарының көрмесі ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, домбыра дәстүр мен заманауилықты сабақтастыратын, жаңа музыкалық бағыттарға бейімделе отырып өзінің тарихи мәнін сақтап келе жатқан мәдени мұраның жарқын символы болып қала береді.
Сонымен қатар мереке қарсаңында Ресейдегі қазақ мәдени ұйымдарының шығармашылық ұжымдары Мәскеудегі Таза тоғандардағы Абай ескерткіші жанында және Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінде өнер көрсетті.
Ұлттық домбыра күні Қазақстанда 2018 жылдан бері шілде айының алғашқы жексенбісінде атап өтіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл мереке халқымыздың ұлттық болмысын айшықтап, әсіресе өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесінде маңызды рөл атқарады.