Мәскеуде ер адам мен әйелді пойыз қағып кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеудің солтүстік-шығысында екі адамды пойыз қағып кетті. Бұл туралы «Лента.руға» жексенбі, 5 ақпан күні РФ Тергеу комитеті Мәскеу аймақаралық көлік тергеу комитетінің ресми өкілі Татьяна Морозова хабарлаған.

Оқиға жергілікті уақытпен 21.30-да Мәскеу темір жолының Курск бағытындағы Каланчевская стансасы маңында болған.

«Владикавказ - Санкт-Петербург бағытындағы жедел пойыз ер адам мен әйелді қағып кетті. Алдын ала болжам бойынша, ер адам платформаға шыққысы келген, ал әйел рұқсат етілмеген жерден жолды кесіп өтпек болған», - деді Морозова.

Оның айтуынша, зардап шегушілер оқиға орнында көз жұмған. Олардың аты-жөндері әлі анықталмады. Оқиғаның мән-жайын наұтылау үшін төтенше жағдай орнына жедел тергеу тобы жіберілді. Екі адамның өлімі фактісі бойынша тергеу комитетінің өкілдері тексеру жұмыстарын бастады.

29 қаңтар күні Москва-Ярославскаядан Пушкиноға бет алған пойыз Мәскеу түбіндегі Строитель стансасында екі ер адамды қағып өлтірді. Олар да платформаға шыққысы келген.