Мәскеуде Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының Мемлекетаралық кеңесінің шағын құрамдағы мәжілісі өтуде

None
АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Мәскеуде Үлкен Кремль сарайында Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының Мемлекетаралық кеңесінің шағын құрамдағы мәжілісі басталды. Аталмыш шараға ЕурАз-ЭҚ-қа мүше 5 мемлекеттің, яғни Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан басшылары қатысуда.

Аталмыш шараның барысында ЕуразЭҚ-тің басымдықтары мен иммунитеттері жөніндегі Конвенция қабылданады деп күтілуде. Бұл құжаттың мақсаты - ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер мен осы ұйымның лауазым иелері мен тұрақты өкілдерінің басымдықтарын және иммунитеттерін құқықтық реттеудегі кемшін тұстарды түзету болып табылады.

Сонымен қатар осы жиын барысында мақсатты бағдарламаларды дайындау үдерісін жеңілдетуге мүмкіндік беретін ЕурАзЭҚ-тің мемлекетаралық мақсатты бағдарламаларын дайындау мен жүзеге асырудың жаңа тәртібі бекітіледі деп күтілуде. Бұған қоса бес мемлекеттің басшылары ЕурАзЭҚ Соты қызметінің негізгі аспектілеріне қатысты шешімдерге қол қояды деп күтілуде. Бүгінгі жиынға қызметіне жуырда ғана кіріскен Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев қатысуда.