Мәскеуде генерал Панфиловтың қызы Майя Панфиловамен қоштасу рәсімі өтті (ФОТО)

None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Бүгін Мәскеу қаласындағы Преображенское қорымында Батыс майданы 16-шы армиясының 8-ші гвардия Қызыл ту атқыштар дивизиясының атағы шыққан командирі, генерал-майор Иван Панфиловтың қызы - Майя Панфиловамен қоштасу рәсімі өтті.

М.Панфиловамен қоштасу рәсіміне Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің, қазақ диаспорасының өкілдері, сондай-ақ марқұмның туыстары мен жақындары келді.

Майя Ивановна 2015 жылдың 29 шілдесінде қайтыс болып, кремацияланды.

Майя Ивановна жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу ісіне бағасыз үлесін қосты. Ол талантты суретші, ақын, педагог, қоғамдық қайраткер, Ресей Театр қайраткерлері одағының мүшесі болған. Мәскеу қаласының құрметті азаматы, Г.Жуков және Н.Островский атындағы жүлделердің лауреаты.

Өмірінің көп бөлігін Панфилов дивизиясының ардагерлерін іздеуге, олардың ерліктері туралы құжаттар мен фотосуреттерді жинауға арнаған. Оның күшімен Мәскеуде және әкесінің туған жері - Саратов облысындағы Петровск қаласында И.Панфиловтың есімімен байланысты мұражайлық экспозициялар толықты. Оның қатысуымен аты аңызға айналған дивизия туралы төрт деректі фильм түсірілді.