Мәскеуде химия өнеркәсібінің халықаралық көрмесіне қатысушылар қазақстандық өндірушілерге үлкен қызығушылық танытты (ФОТО)
Биылғы жылы аталған көлемді конгресс-көрмелік оқиға өзінің 50 жылдығын атап өтіп жатыр.
Көрмені РФ Өнеркәсіп және сауда министрлігі, «НИИТЭХИМ» ААҚ, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия қоғамы, М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің химия факультетінің көмегімен, РФ Сауда-өнеркәсіп палатасының патронатымен «Экспоцентр» ЖАҚ ұйымдастырды.
«Химия-2015» Ресейде химия тақырыбындағы ең ірі және беделді салалық форум. Қатысушылардың атап өтуінше, көрме әлемнің көптеген елдеріндегі химия өнімдерін шығарушылар мен тұтынушылардың, алдыңғы қатарлы технологиялар мен жабдықтарды жеткізушілердің кездесуі үшін тиімді алаң болып табылады.
Мамандардың бағалауынша, көрме саланың даму процесіне айтарлықтай ықпал етіп, қатысушы компаниялардың өзара байланыстарының нығаюына септігін тигізуде.
Жалпы ауданы 20 000-нан астам шаршы метрді құрайтын мерейтойлық шараға 24 ел: Австрия, Беларусь, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Ирландия, Канада, Қытай, Латвия, Литва, Нидерланды, Португалия, Ресей, Корея Республикасы, Сингапур, АҚШ, Украина, Финляндия, Франция, Швейцария, Эстония, Жапониядан келген 400-ден астам компания қатысып отыр. Беларусь, Германия, Қытай және Франция елдері ұлттық экспозияларын ұсынды.
Көрмеге қазақстандық тараптан «ҚазФосфат» ЖШС (сары фосфорды, натрий триполифосфатын, аммафос, суперфосфат, ортофосфор қышқылын өндіруші), «ҚазАзот» ЖШС (аммиак селитрасы, сұйық аммиак, әлсіз азот қышқылын өндіруші), «НОВОПЭК» ЖШС (полипропилен қаптарын өндіруші) қатысып отыр.
«Бүгінде аталған көрмеге үшінші рет қатысып отырмыз. Бұл оқиға біз үшін өте маңызды, себебі мұнда таяу және қиыр шетелдің, сондай-ақ Ресейдің химия саласындағы басты компаниялары ұсынылған», - деді «НОВОПЭК» ЖШС-нің коммерциялық директоры Айдар Жақыпов.
А.Жақыповтың түсіндіруінше, осындай көрмелерге компаниялардың бірінші тұлғалары қатысады, бұл әлеуетті серіктестер арасында келіссөздер және келісімдер процесін айтарлықтай жеңілдетеді. Ол аталған көрменің барысында отандық өндірушілерге үлкен қызығушылық танытылғанын атап өтті.
«Біздің компаниямыз экспортқа бағытталған. Атап өткенде, тек Ресейге ғана бізден жылына шамамен 4 млн. қапшық кетіп отырады. Биылғы жылы аталған көрменің аясында біз ресейлік «Фосагро» компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық», - деп бөлісті компаниясының табыстарымен А.Жақыпов.