Мәскеуде «Қазақстан» павильонының тарихи бөлімі ашылады

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - 29 маусым күні Мәскеуде Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында толық жаңартудан өткен «Қазақстан» павильонының тарихи бөлімі ашылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Аталмыш кешенді қайта жөндеу жұмыстары ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүргізілді.

Қазіргі таңда «Қазақстан» павильонында бұрын-соңды болмаған өзгерістер жасалуда. Қайта қалпына келтіру және музейлендіру процесі Қазақстан Үкіметінің, тікелей Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминнің бақылауында болды. Ал құрылыс жұмыстары Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің қолғабыс етуімен жүргізілді.

Айта кету керек, жоба бюджеттен тыс қаражат есебінен іске асырылуда. Қаржыны қазақстандық компаниялар бөлген.

Қазақстандық павильон Ұлттық шаруашылық жетістіктері көрмесіндегі ең әсем ғимараттардың бірі болатыны күтілуде. Бұл Қазақстанға туристерді тартуға және ұлттық мәдени мұраларды насихаттауға арналған ерекше орын болмақ.