Мәскеуде Қазақстанда өтетін парламенттік сайлау кеңінен талқыланды

None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Мәскеуде «Ресей газеті» алаңында Қазақстан мен Ресей сарапшылары «Солтүстік-Оңтүстік» саясаттану орталығының бастамасы бойынша ұйымдастырылған тақырыптық дөңгелек үстел барысында ЕАЭО кеңістігінде саяси дамудың түрлі аспектілерін талқылады.

Дөңгелек үстелдің қатысушылары пікірсайыс барысында Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріндегі электоралдық науқанның ерекше және жалпы сипаттарын, Қазақстанның саяси жүйені демократияландыру кезеңдерін қарастырды.

Алдағы сайлау науқанына, оны мерзімінен бұрын өткізу себептерін талдауға, сондай-ақ сайлау нәтижелері Қазақстанның Ресеймен өзара қарым-қатынасы мен саясиішілік жағдайдың одан әрі дамуына қалай ықпал ететініне қатысты болжамдарға баса мән берілді. Шара қатысушылары атап өткендей, 20 наурызда Қазақстандағы мерзімінен бұрын өтетін парламенттік сайлау Ресейдегі, сондай-ақ интеграциялық бірлестіктер бойынша РФ әріптес мемлекеттеріндегі заманауи саяси трендтер жөніндегі мәселенің өзектілігін арттыра түсті.

Кездесуді ашқан ММУ посткеңестік кеңістігіндегі қоғамдық-саяси үдерістерді зерделеу жөніндегі ақпараттық-талдау орталығының бас директоры Сергей Рекед алдағы сайлау науқанының маңыздылығына тоқталды.

«Мәжілістің жаңа құрамы алдында «Ұлт жоспары - стратегиялық даму бағдарламасын іске асыру міндеті тұр, онда Президент Н. Назарбаев бес институционалдық реформаны қалыптастырды», - деп атап өтті ол.

Дөңгелек үстел барысында сайлауалды науқанның барысы мен оның барлық кезеңдері туралы Сайлауды бақылау жөніндегі қоғамдық комиссияның басшысы Нұрлан Ерімбетов егжей-тегжейлі айтып берді.

«Комиссияда қазір 22 адам жұмыс істейді, олар елге сыйлы белгілі жазушылар, журналистер, ғалымдар, бизнесмендер», - деп хабарлады астанадан келген қонақ.

Сайлаудың ерекшелігіне тоқталған Н. Ерімбетов сайлаушылардың азаматтық белсенділігі мен науқанға жастар жағының аса қызығушылығын ерекше айтып өтті. Оның сөзіне қарағанда, 10 мың жергілікті бақылаушының арасында жастар өте көп. Бұл қуантарлық жайт. Мәжіліс, мәслихат депутаттығына үміткерлердің жасы орташа 43-44 жасты құрайтындығы да көңіл аударарлық жағдай. Ерімбетовтің пікірінше, азаматтар мінберден жаңа, жас депутаттарды көргісі келеді.

РФ Қоғамдық Палатасының мүшесі Иосиф Дискин алдағы сайлау жалпы қазақстандық саяси ұлтты қалыптастыру үрдісінде маңызды қадам екенін айтты. Сарапшы Қазақстан Президенті бұл мәселеге жіті мән беріп, бірігу факторын алға қойғандығын атап өтті. Бұл дінаралық, ұлтаралық қағидаты бойынша қоғамның алауыздығына жол бермейді. Ол мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы шешімнің дұрыс екенін айтты, себебі күрделі қаржылық жағдайда қазіргі биліктің заңдылығын нығайту қажет.

Бұл ретте ол сайлау Қазақстанға ғана емес, барлық көрші елдерге елеулі ықпал ететінін қосты.

Қазақстандық көшбасшының алдын ала әрекет ету қабілетін ВГТРК шолушысы Кирилл Привалов атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан Президенті уақыттан оза біледі, тіпті уақытты өз шартына бағындыра алады.

Привалов алдын ала сайлау өткізу батыстық үлгі екенін, соңғы ширек ғасырда мұндай сайлауды Ұлыбритания, Франция, Италия өткізгенін де сөзге тиек етті.

Ол жаңа міндеттерді шешу үшін жаңа адамдар қажет екенін, Ресей де Қазақстаннан үлгі алып, батыл түрде мемлекетті жаңа адамдардың басқаруына беру қажеттігіне тоқталды.

Қорытындыны шығара келе, оның қатысушылары Қазақстанның сайлау өткізу шешімі Мемлекет басшысы алға қойған стратегиялық міндеттердің ойдағыдай іске асуына ықпал ететініне сенімділік танытты. Өз кезегінде бұл Қазақстан үшін де, Ресей үшін де аса маңызды болмақ.