Мәскеуде қазақстандық студенттердің арасында қазақша күрестен жарыс өтті

МӘСКЕУ. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ – Мәскеудің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттердің арасында алғаш рет қазақша күрестен турнир өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазақстан Елшілігінің қолдауымен «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының Мәскеудегі өкілдігі ұйымдастырған бұл шара «МАМИ» Мәскеу техникалық университетінің қабырғасында өтті 30-дан астам жас отандасымыз алты салмақ санаты бойынша боз кілемнің үстіне шықты. «МАМИ» университетінің спорттық клубының жаттықтырушысы Валерий Александров, «қазақша күрестің» стилі жағынан самбоға өте ұқсас екенін айта келіп, бұл сайыстың боз кілем үстіне енді шыққан жас спортшыларға үйрену оңай және денені шынықтыру үшін аса икемді айла-тәсілдерге ие екенін айтты. Ресейлік жаттықтырушы сондай-ақ қазақстандық балуан-студенттердің спорттық шеберліктерінің жоғары деңгейін атап көрсетті. Ал турнирдің үздік балуаны болып 90 киләға дейінгі салмақта және абсолюттік салмақ санатында бірінші орын алған Ресей Ішкі істер министрлігі Мәскеу университетінің студенті Азамат Берліқожанов атанды. «Болашақ» орталығының Мәскеудегі өкілдігінің директоры Лидия Шайкенованың пікірінше, мұндай шаралар шетелде білім алып жатқан қазақстандық жастардың бірігуіне және топтасуына мол үлес қосады.