Іс-шараға ресейлік ғалымдар, сарапшылар, Мәскеу жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары, сонымен бірге қазақстандық студенттер, аспиранттар мен докторанттар қатысты.
Форум жұмысын ашқан Өңірлік проблемалар институтының бас директоры Дмитрий Журавлев КСРО күйрегеннен кейін барлық республикалар бір деңгейде болғанымен Қазақстан олардан әлдеқайда ілгерілеп, тұрақты экономика мен саяси жүйе қалыптастырғандығын, жас, тиімділігі жоғары мемлекеттік аппарат құрып, ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді сақтай алғандығын, сыртқы саяси бағдарын да жемісті жүргізіп отырғандығын баса айтты.
Шара барысында Мәскеудің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан Қазақстан студенттері еліміздің Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде экономикадағы, ауыл шаруашылығындағы, энергетика мен білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, туризм, сыртқы саясаттағы жетістіктеріне арналған баяндама жасап, Астананың еуразиялық интеграцияға қосқан үлесіне кеңінен тоқталды.
Баяндамашылар ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр» манифесіне де ерекше назар аударды.
Пікірсайыс барысында қатысушылар «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр» манифесінің, «Бес институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» Ұлт жоспарының, Астананың Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін шақыру бастамасының, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының негізгі ережелерін, сондай-ақ қазақстандық жастардың қазіргі заманауи жағдайда елді жаңғырту ісіне қосқан үлесін жан-жақты талқыға салды.
Қауіпсіздік индустриясы қауымдастығының президенті Игорь Филоненко өз сөзінде қазақстандық жастардың баяндамаларында тың дүниелердің көтерілгендігін айтып, жоғары баға берді. Сонымен қатар ол «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр» манифесінің маңыздылығына тоқталып, оның болашаққа бағдарланғандығына ерекше тоқталып өтті.
«Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық дамудың басты ойын айтты: бейбітшілік болса, экологияны да, экономиканың басқа да салаларын, адамдардың әл-ауқатын ойлауға болады. Бейбітшілік болмаса, мұның барлығының да мәні жоқ», - деді И.Филоненко.