Мәскеуде күннің күрт суытуынан 80 әуе рейсі кешіктірілуде

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Күннің күрт суытуына байланысты Мәскеу әуежайларында 80 рейс кешіктірілуде немесе ұшуға тыйым салынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Әуежайлардың жерүсті қызметтері күшейтілген режімде жұмыс істеуде. Әуе айлағының ұшып-қону жолақтарына көктайғаққа қарсы арнайы қоспалар шашылуда.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ауа температурасының соңғы 120 жылдағы рекордты төмендеуіне байланысты Мәскеу мен Мәскеу облысында қауіптіліктің «сарғылт» деңгейі енгізілді.

Осы уақытта РФ астанасында термометр бағаны -22 градусты көрсетіп тұр. Мәскеу облысында - минус 25,-27 градус. Аязды күндер тағы бір тәулік сақталатыны күтілуде. Синоптиктердің болжамынша, 9 қаңтарға қараған түні Мәскеуде температура -33-ке, облыс бойынша -36-ға дейін түседі.

Фото tourdream.net сайтынан