Мәскеуде Құран оқудан халықаралық бәйге өтті

АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Мәскеуде ХIV-ші халықаралық Құран оқу байқауы өтті. Айтулы шараға Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрілігі мен Ресей Мүфтилер кеңесі мұрындық болды.

Muslim.kz сайтының жазуынша, екі күнге созылған аталмыш шараға әлемнің 30-дан аса елінен хафиздер қатысып, бақтарын сынады. Әділқазылар алқасына Ресейден өзге Түркия, Судан, Ливан, Ираннан келген қасиетті Құран оқудың әлемге әйгілі білгірлері кірді. Алғашқы сайыс қорытындысы бойынша, ақтық сынға 6 адам ілігіп, іріктеліп алынды: әл-Хумуи Ясин (Сирия), Мұхаммед Сәлиман Мұхаммед әл-Мәләуани (Мысыр), Мұхаммед Фуад Мұхаммед Әлмұқпа Әлқауари (Бахрейн), Омар бен Арбиа (Тунис), Отан әл-Шағапан (Кувейт), Ермали Халифа Салах (Ливия).

«Байқауға қатысқандардың барлығы ұлты мен діні әр алуан көрермендерге Жаратқаннның қасиетті сөзін жеткізуге күш салды»,- деген пікірлер айтылды осы шараға орай өткен баспасөз қызметінде.

Осынау дүбірлі додада азаматтық соғыстан көз ашпаған Сириядан келген әл-Хумуи Ясин есімді жігіт жеңімпаз атанып, жанкүйерлерін бір желпінтіп тастады. Ал, екінші орынға мысырлық Мұхаммед Сәлиман Мұхаммед әл-Мәләуани табан тіреді. Одан кейінгі орынды Ливиядан келген мейман иеленді.

Жеңімпаздар асыл тастармен көмкеріліп, көздің жауын алған дипломдармен марапатталды.