Мәскеуде «Лаңға қарсы жеделхат» акциясы басталды
15:32, 07 Сәуір 2010
АСТАНА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат - Мәскеуде бүгін «Лаңға қарсы жеделхат» акциясы басталды. Мәскеу метросындағы жарылыс құрбандарын еске алуға арналған бұл шараны «Орталық телеграф» ұйымдастырып отыр,
деп хабарлайды «Маяк» радиосы.
Іс-шара таңғы сағат 7.57-де басталды (мәскеу уақыты) - наурыздың 29-ында дәл осы сағатта алғашқы жарылыс болған еді. Акция мамырдың 7-сіне дейін - опат болғандарға қырық күн болғанға дейін созылады.
Көңілі қалаған жандар Тверь көшесіндегі телеграфтың операциялық залынан немесе 06 телефон арқылы «Орталық телеграфтың» атына лаңкестікке қарсы үндеумен жеделхат жолдай алады. Жеделхаттың бағасы - сәйкесінше 98 және 147 рубль.
Акция барысында жиналған қаржыға төтенше жағдайлар үшін қоғамдық көліктерге орнатылатын дәрі-дәрмек қобдишалары сатып алынады.