Хабарланғандай, жаңа бағдарлама COVID-19 пандемиясы кезінде қолданылған «Әлеуметтік мониторинг» жүйесіне ұқсас (сол кезде сырқаттанғандар өздерінің орналасқан жерін хабарлап отырған).
Жаңа бағдарламаны пайдалану арқылы шетелдіктің қай жерде жүргенін білуге болады.
— Мәскеу үкіметі Мәскеу өңірінің аумағында бірқатар тәжірибелер жүргізуге рұқсат алды. Барлық әуежайларда мигранттарға биометриялық бақылау енгізілді. Шекарадан өтер алдында мигрант биометриясын тапсырады. Миграциялық орталықта оның геномдық деректері алынады. Мигранттың саусақ ізі, биометриялық фотосы және геномы бар. Бұл биометриялық деректер ФСБ мен ІІМ базасына енгізіледі, кейіннен мигранттарды бақылау үшін пайдаланылады. Осыған орай, Мәскеуде бет-әлпетті тану жүйесі жұмыс істеп тұр. Қажет болған жағдайда біз әрқашан мигранттың қайда жүргенін дәл білетін боламыз, — деді Собянин.
Ол сондай-ақ мигранттың электронды картасы енгізілетінін айтты. Оған мигрант туралы барлық мәлімет жазылады. QR-код арқылы полицей оның қашан келгенін, қанша уақытқа келгенін, қайда жұмыс істейтінін, көші-қон заңнамасын бұзған-бұзбағанын біле алады. Егер бұзушылық болса — қызыл түс жанады, полицей оны ұстауы тиіс, егер жасыл түс болса — мәселе жоқ дегенді білдіреді.
Дей тұрғанмен Собянин елде 5 млн жұмысшы тапшы екенін хабарлады.
— Мигранттарды қуып шығуға болады, бірақ бұл ауыр экономикалық салдарға әкеледі, — деді.
Бұған дейін Ресейде тәртіп бұзған мигранттарды елден шығару көрсеткіші 17%-ға өскенін хабарлаған едік.