Мәскеуде Панфилов дивизиясының Мәскеу түбіндегі ерлігінің 70 жылдығына арналған мерекелік концерт болды
Шара панфиловшы-батырлардың құрметіне аталған Алматы көшесінің маңында Братеева ауданында өткізілді. Шараның басты демеушісі «The Ritz-Carlton Moscow» қонақүйі болды.
«Жасыл қырат» саябағының ашық алаңында аңызға айналған «A'Studio» поп-тобы ән шырқады. Жүздеген көрермендер осы музыкалық ұжымның таңдаулы хиттарын тыңдады. Мерекелік бағдарламаға танымал астаналық музыканттар мен актерлер қатысты.
Шараға Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше жәе Өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков, Мәскеу қаласы мэриясынң өкілдері, Мәскеу қаласының Оңтүстік әкімшілік округінің басшылығы, Братеева ауданы муниципалитеті мен басқармасының басшылары, ардагерлер, жастар-патриоттық және басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Концерттің ашылуында сөз алған дипломатиялық миссия басшысы біздің аталарымыз бен әкелеріміздің фашист қоршауын бұзып, жасаған ұлы ерлігін еске алды. Ұлы Отан соғысы кезінде 600 мың қазақстандық қаза болды, солардың көп бөлігі Мәскеу мен Сталинград үшін болған шайқастарда жанын қиды.
«Олар біздің ұрпаққа еркін өмір сүру мүмкіндігін берді, - деді З.Тұрысбеков. - Биыл біз маңызды күнді атап өтеміз: кеңес әскерлерінің Мәскеу түбінде қарсы шабуылға шыққанына 5 желтоқсанда 70 жыл толады. Келесі бес жыл кеңес әскерлерінің ұрыс даласындағы бетбұрыстарының жеңісті сәттеріне толы болды. Біз бұл құрбандықтарды ұмытпауға тиіспіз».
«Келесі жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан, Беларус және Ресей Бірыңғай экономикалық кеңістікке бірігеді. Біздің халықтарымыздың достығы жыл өткен сайын беки түсетініне сенімдімін», - деп сөзін қорытты елші.