Мәскеуде роботтарды сертификаттау жүйесі енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Мәскеуде роботтарды әзірлеу мен сынақтан өткізудің бірыңғай стандартын қалыптастыру көзделіп отыр. Жаңа сертификаттау жүйесі технологиялық компанияларға өнімдерінің сапасы мен техникалық талаптарға сәйкестігін нарыққа шығар алдында тексеруге мүмкіндік береді, деп жазады ресейлік ТАСС.

Фото: ТАСС

Тиісті келісімге Петербург халықаралық экономикалық форумы (ПХЭФ) аясында Мәскеу инновациялық кластері мен Ресей стандарттау инстиуты арасында қол қойылды.

Мәскеу инновациялық кластерінің бас директоры Алексей Парабучев роботтандырылған жүйелерді енгізуге қызығушылық артып келе жатқанын айтты.

— Компаниялар үшін әзірлеменің стандарттарға сай болуы, сынақтан өтуі және оның тиімділігі ресми түрде расталуы маңызды. Сертификаттау жүйесі роботтарды әзірлеушілерге сынақ хаттамалары мен техникалық мүмкіндіктер туралы қорытынды беруге мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар роботтардың өзін де, олардың жекелеген бөлшектері мен функцияларын да сертификаттауға болады, — деді ол.

Келісім аясында Ресей стандарттау институты мен Мәскеу инновациялық кластері әзірлеушілердің қатысуымен ашық кездесулер өткізеді.

Бұл шаралар сертификаттау жүйесіне қойылатын талаптар мен ұсыныстарды ескеруге мүмкіндік береді.

Тараптардың пікірінше, жаңа тетік технологиялық компаниялардың өз өнімдерін экономиканың нақты секторына жылдам енгізуіне жол ашады.

Жобаның тағы бір бағыты — роботтандырылған және ұшқышсыз жүйелерге арналған заманауи стандарттарды әзірлеу.

Сондай-ақ қолданыстағы мемлекеттік стандарттарды жетілдіру жұмыстары жүргізіледі.

Жаңа талаптар бизнестің нақты сұраныстары мен технологиялардың даму деңгейін ескере отырып әзірленеді.

Ресейде Петербург халықаралық экономикалық форумы өтіп жатыр.