Мәскеуде Сбербанкке шабуыл жасалды
11:06, 29 Тамыз 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеудің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Сбербанк бөліміне белгісіз біреу басып кірді. Травматикалық тапаншамен қаруланған қылмыскер банк қызметкерін атып, кассадағы ақшаны сыпырып кеткен.
Волгоград даңғылы, 91 үй мекенжайында орналасқан Сбербанк қосымша кеңсесінің 24 жастағы кассирі Склифосовский ҒЗИ-ға жеткізілді, деп хабарлады ТАСС. Оқ оның жауырынына тиген. Жағдайын дәрігерлер орташа ауыр деп бағалады.
Банк 28 тамызда шамамен кешкі сағат 9-дарда тоналды. Ұрланған соманың қанша екендігі әзірге анықтала қойған жоқ.
Банкте жедел тергеу тобы жұмыс істеуде. Шабуыл жасаған адам іздестірілуде.