Мәскеуде студент және жастар ұйымдары көшбасшыларының VI форумы болды

АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - М.В.Ломоносовтың туғанына 300 жыл толуы және Ресейдегі студенттер күніне орай ұйымдастырылған студенттер және жастар ұйымдары көшбасшыларының VI- форумы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде өтті.

Аталмыш форумның мақсаты білім және ғылым саласындағы инновациялық жобаларды жүзеге асыру саласында тәжірибе алмасу мен жастар ұйымдарының маңызын талқылау болды. Жиын барысында спорт, салауатты өмір салты, ғарышты игеру және ТМД ұйымына мүше мемлекеттердің жастар ұйымдары арасында әріптестікке негізделген байланыс орнату мәселелері көтерілді.

Еуразия ұлттық университетінде өзін-өзі басқару негізінде Жастар үкіметі құрылған болатын. Осы орайда, көшбасшылар форумына еліміздің атынан барған Еуразия ұлттық университеті Жастар үкіметінің Сыртқы істер министрі Кәмила Әділғалиева мемлекетіміздегі жастар ұйымдарының жұмысы жайлы баяндама жасады.

Жастар саясаты мәселесін арқау ететін осындай жиын 30 наурыз күні Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтпек. Қазіргі таңда Еуроодаққа мүше мемлекеттерден 80-ге жуық жастар ұйымдарының өкілдері жиынға қатысушы ретінде тіркелген.