Иран ЕАЭО елдерімен экономикалық әріптестікті кеңейтпек – Eurasia Today
Иран Еуразиялық экономикалық одақты (ЕАЭО) өңірлік ынтымақтастықты дамытудағы маңызды платформалардың бірі ретінде қарастырады. Бұл туралы Иранның бірінші вице-президенті Мохаммад Реза Ареф мәлімдеді.
Бұл туралы осы аптада Қырғызстанда шығатын Eurasia Today ақпарат агенттігі хабарлады.
Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, оның айтуынша, Тегеран ЕАЭО-ның сауда және инвестициялық әлеуетін толық пайдалануға мүдделі. 2025 жылғы мамырда Иран мен ЕАЭО арасында еркін сауда туралы келісімнің жасалуы экономикалық байланыстарды кеңейтуге жаңа мүмкіндік берген.
Мохаммад Реза Ареф Иранның ЕАЭО елдерімен ұзақ мерзімді әріптестікті жалғастыруға дайын екенін атап өтті. Тегеран энергетика және логистика салаларындағы бірлескен жобаларға басымдық бермек.
Оның пікірінше, Иранның географиялық орналасуы Азия мен Еуропа арасындағы сауда жолдарында маңызды транзиттік буын болуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ осы аптада Eurasia Today басылымында «Қазақстан мен Ауғанстан өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады» деген тақырыптағы ақпарат жарық көргенін айта кету керек.
Герат қаласында Қазақстан мен Ауғанстан өңірлері арасындағы сауда-экономикалық және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Еуразия Тудейдің ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауынша, Қазақстан Президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Еркін Тұқымов бастаған делегация Герат провинциясының губернаторы Нур Ахмад Исламжармен кездесті. Тараптар сауда, өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистика салаларындағы байланыстарды кеңейтуге бағытталған «West2West» форматын дамытуға назар аударды. Сапар аясында «Қазақстан–Ауғанстан: өңіраралық ынтымақтастық» бизнес-форумы өтіп, өзара сауда мен іскерлік байланыстарды арттыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар қазақстандық «Integra Construction KZ» компаниясы құрылысына қатысқан «Хаф – Герат» теміржолының үшінші учаскесі ашылды. 2026 жылғы қаңтар-шілдеде екі ел арасындағы тауар айналымы 581,1 млн долларды құрап, бір жылда 2,4 есе өсті.
Қазақстан мен Өзбекстан туристік алмасуды кеңейту мәселелерін талқылады– ӨзА
Душанбе қаласында Өзбекстан Туризм комитеті делегациясының ТМД елдері өкілдерімен және туризм саласындағы халықаралық жобалар жетекшілерімен кездесулері өтті.
Атап айтқанда, Өзбекстандық комитет төрағасының орынбасары Санжар Тожиев Қазақстан Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұрбол Байжановпен кездесіп, екі ел арасындағы туристік алмасуды кеңейту, өңіраралық және шекара маңы туризмін дамыту, сондай-ақ Орталық Азияны бірыңғай туристік бағыт ретінде үшінші елдердің нарықтарында бірлесіп ілгерілету мәселелерін талқылады, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.
Хабарламада айтылуынша, кездесуде бірлескен таныстырылымдар, туристік форумдар мен ақпараттық турлар ұйымдастыру, сондай-ақ Қазақстанның Түркістан, Қызылорда және Маңғыстау облыстары мен Өзбекстан өңірлері арасында демалыс күндеріне арналған бағыттарды дамыту перспективалары қарастырылды. Қазақстан тарабына 25-27 қарашада Ташкентте өтетін «Жібек жолындағы туризм» 31-ші Ташкент халықаралық туризм жәрмеңкесіне ұлттық стендпен қатысу ұсынылды. Тараптар туристік алмасуды кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.
Сондай-ақ өткен аптаның соңында «ӨзА»-да «Алматыда «Қамбарата ГЭС-1» жобасы бойынша келіссөздер өтті» деген тақырыптағы ақпарат жарияланғанын айта кетуіміз керек.
Аталған ақпарат көзінің дерегінше, 21-23 қыркүйекте Алматыда Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның энергетика, су шаруашылығы және сыртқы істер салаларына жауапты мемлекеттік органдарының өкілдері «Қамбарата ГЭС-1» жобасын бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Кездесуде гидроэлектр станциясын бірлесіп іске асыру және басқару, қаржыландыру, тараптардың міндеттемелері мен ынтымақтастықты үйлестіру тетіктері қаралды. Келіссөздерге Дүниежүзілік банк өкілдері бақылаушы ретінде қатысып, үкіметаралық келісім жобасын әзірлеуге техникалық қолдау көрсетті. Тараптар жобаны іске асырудың негізгі тетіктерін нақтылап, Орталық Азиядағы су-энергетикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін білдірді.
Тоқаев: Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық жан-жақты даму қарқынын көрсетті– «Халық газеті»
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекте өткен алғашқы Қазақстан-Қытай инвестициялық форумының ашылуында екі ел арасындағы тұрақты жан-жақты стратегиялық серіктестіктің берік негізге сүйенетінін атап өтті.
Оның айтуынша, өнеркәсіп, цифрландыру, «ақылды қалалар», спутниктік технологиялар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді.
Бұл туралы осы аптаның басында қытайлық Халық газеті басылымы хабарлады.
Мемлекет басшысы Қазақстанның инвестиция тарту мен ірі жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасап отырғанын айтты.
Аталған БАҚ-тың мәліметіне сүйенсек, форумға екі елдің бизнес өкілдері, мемлекеттік қызметкерлері мен даму институттарының басшыларынан шамамен 600 адам қатысты. Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі Тұрақты комитетінің мүшесі Цай Гуаньшэнь Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық-сауда байланыстарының құрылымы жетіліп, инвестиция көлемі артып, өзара байланыстылық жеделдегенін атап өтті. Іс-шара барысында көлік-логистика, өнеркәсіп пен терең өңдеу, цифрлық экономика және қаржы салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ осы аптада Қытайдың Халық газетінде «Шанхайда «Қытай-Қазақстан 100 кәсіби колледжі» альянсының ашылу рәсімі өтті» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Аталған басылымның келтірген мәліметттеріне сүйенсек, 23 қыркүйекте Шанхайда Қытай-Қазақстан кәсіби колледждері басшыларының форумы өтіп, «Қытай-Қазақстан 100 кәсіби колледжі» альянсының ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Қытай мен Қазақстанның кәсіби колледждері, салалық кәсіпорындары және білім беру органдарынан 100-ден астам өкіл қатысты. Жиын барысында оқу орындары арасында 100-ден астам ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
«Қытай-Қазақстан 100 кәсіби колледжі» екі елдің оқу орындары, мекемелері мен кәсіпорындарын біріктіретін кәсіби білім беру саласындағы коммерциялық емес ынтымақтастық алаңына айналады. Альянс аясында оқу бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу, оқытушылардың біліктілігін арттыру, студенттер алмасуын ұйымдастыру және еңбек нарығының қажеттілігіне сай мамандар даярлау бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
ЖИ адамға түсініксіз тіл қолданып, алаңдаушылық туғызып отыр - TRT
АҚШ Сенатында өткен тыңдауда сарапшылар автономды жасанды интеллект (ЖИ) агенттерінің бақылаудан шығу қаупіне назар аударды. Apollo Research компаниясының бас директоры Мариус Хоббанның айтуынша, кейбір озық ЖИ модельдері адамдар толық түсіне алмайтын тілде өзара әрекет ете бастаған.
Ол OpenAI моделін зерттеу барысында оның ағылшын тіліне ұқсамайтын тіл қалыптастырғанын атап өтті.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
«TRT»-ның дерегінше, тыңдауда сондай-ақ автономды ЖИ агенттерінің аса маңызды инфрақұрылымға қауіп төндіруі мүмкін екені айтылып, технология әзірлеушілеріне құқықтық жауапкершілікті күшейту мәселесі көтерілді.
Сарапшылар ЖИ-дің кибершабуылдарда қолданылу қаупі де артып келе жатқанын ескертті. Тыңдаумен қатар жарияланған Quinnipiac университетінің сауалнамасына сәйкес, АҚШ тұрғындарының 73 пайызы болашақтағы ЖИ жүйелері адамзатқа қауіп төндіруі мүмкін деп алаңдайды, ал 86 пайызы тәуелсіз қауіпсіздік стандарттарын енгізуді қолдайды. Осыған байланысты ірі технологиялық компаниялар ЖИ модельдерін қауіпсіздік тұрғысынан шектеу шараларын қабылдап жатыр.
Сондай-ақ «TRT»-да «Мәскеуде түркі мәдениеті көрініс тапқан «Станиславский/Чехов» спектаклі көрсетілді» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, Мәскеуде түркі мәдениетін дәріптейтін «Станиславский/Чехов» атты театр қойылымының арнайы көрсетілімі өтті. Амина Джаманның шынайы оқиғалардан шабыттанып жазған бір актілі философиялық комедиясы 1928 жылғы Берлинде түрік дәмханасында орыс театрының көрнекті өкілдері Константин Станиславский мен Михаил Чеховтың кездесуін арқау етеді. Қойылымда олармен қатар дәмханада жұмыс істейтін Гүлер есімді жас түрік қызының бейнесі сомдалады.
Спектакльде түрік шайы мен кофесі, лукум, кофе арқылы бал ашу дәстүрі және Ыстанбұл туралы әңгімелер арқылы түркі мәдениетінің ерекшеліктері көрініс тапқан. Покровка театрындағы арнайы көрсетілім алдында көрермендерге эбру өнері таныстырылды. «Станиславский/Чехов» спектаклінің ресми премьерасы қараша айында өтеді.