Мәскеуде Ұлттық домбыра күні аталып өтті

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Бүгін Мәскеуде, қазақтың ұлы ақыны, Абай Құнанбаевқа арналған ескерткіш орналасқан жерде домбра-party өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

Шараны Ресейдегі қазақ студенттерінің бірлестігі «Жа тұлпар» мен «Болашақ» бағдарламасының өкілдері Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды. Музыка майталмандары онда қалың көпшілік алдында әйгілі композиторлардың күйлерін орындады.

Осы күнде дәстүрге айналып үлгерген «Домбыра-party» көптеген тұрғындардың және қала қонақтарының назарын аударды. Мұнда домбыраның әсем үнін кез келген адам ести алатын еді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акция Домбыра күніне арналған. Шараның басты мақсаты Қазақстанның ұлттық дәстүрлері мен мәдениетін насихаттау және қазақтың бай мәдени құндылықтарын барынша кеңірек таныту болып табылады.

Айта кетейік, 2018 жылдың маусымында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы Жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес, шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн домбыра арқылы қоғам өкілдерін ұлттық мәдениетті сақтау мен оны жаңғыртуға және бірлікке ұйыстыруды мақсат етеді.