Мәскеуде Ұлттық кинематографиялардың XIV форумы өтуде

МӘСКЕУ. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Мәскеуде ТМД және Балтық елдері ұлттық кинематографияларының XIV форумы өтіп жатыр. Форумның аясында 10 толықметражды фильм көрсетіледі.

Шараны ТМД елдерінің Гуманитарлық ынтымақтастық мемлекетаралық қорының қолдауымен ТМД және Балтық елдерінің кинематографистер одақтарының Конфедерациясы ұйымдастырып отыр.

Тамыздың 28-і мен қыркүйектің 3-і аралығында жалғасатын форумның барысында Әзірбайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Литва, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Эстония елдерінің кинематографы таныстырылады.

«Еуразиялық кеңістікте соңғы жылдары түсірілген үздік туындылар іріктеліп алынды», - дейді ТМД және Балтық елдерінің кинематографистер одақтары Конфедерациясының төрағасы Рустам Ибрагимбеков.

Ұлттық кинематографтардың XIV форумының бағдарламасына Қазақстанның атынан режиссер Ақан Сатаевтың «Адасқандар» фильмі мен режиссер Рашид Нұғмановтың «Ине. Ремикс» фильмі кіріп отыр.

Форум қыркүйектің 3-інде «ТМД және Балтық елдерінің аумақтарындағы бірлескен киноөндірістің проблемалары» деген тақырыпта өтетін «дөңгелек үстел» отырысымен қорытындыланады.