Мәскеуде ұзаққа созылған жөндеу жұмыстарынан кейін Үлкен театр ашылды

АСТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін жөндеу жұмыстарынан кейін Ресейдің басты нышандарының бірі - Үлкен театрдың тарихи сахнасы ашылды, деп жазды bnews.kz.

Жаңартылған сахна төрінде өтетін салтанатты гала-концертті Ресейдің алдыңғы қатарлы телеарналарының барлық көрермендері тікелей эфир арқылы тамашалай алады. Көрсетілім сондай-ақ Еуропа, Америка мен Азияның көптеген елдерінің телеаудиториясын қамтиды. Оған қоса әлемнің 600-ден астам кинотеатрларында да тікелей көрсетілім ұйымдатырылатын болады, деп хабарлайды «Эхо планеты».

Күрделі жөндеу жұмыстары алты жыл бойы жүрді және оған бюджеттен 21 млрд. рубль жұмсалған. Енді Үлкен театр ХIХ ғасырдағы керемет келбетіне қайта енді. Мемлекеттік Академиялық Үлкен Театрдың жалпы алаңы екі есеге ұлғайып, қазір 72 мың шаршы метрді құрайды. Театр жерасты кеңістігін пайдалану арқылы ұлғайтылды. Ал театрдың басты залындағы орындар саны 2100-ден 1768-ге қысқарды, мамандардың сөзіне қарағанда, ол көрермендердің ыңғайы үшін жасалып отыр.