Мәскеуде жауған қалың қар бір адамның өмірін қиды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеу мэрі Сергей Собянин Ресей астанасында жауған қалың қардың салдарынан бір адам қаза тапқанын айтты, деп хабарлайды ТАСС.

Қала мэрі «ВКонтакте» желісіндегі парақшасында қайғылы оқиға қалың қардың кесірінен ағаш сынып, электр желісінің үзілгені себеп болғанын жазған.

«Соңғы мәліметтер бойынша 360 ағаш құлады», - дейді қала басшысы. Мәскеу мэрінің сөзіне қарағанда, тағы бес адам зардап шеккен.

Синоптиктер Мәскеуде ауа райы бұдан да нашарлауы мүмкін екенін айтып жатыр. 4 ақпанда күні бойы қалың қар жауып, желдің жылдамдығы секундына 5-10 метр айналасында болады.