«Қала мэрінің 2010 жылғы наурыздың 19-ындағы шешімімен Мәскеу қаласындағы №229 жалпы білім беретін мектепке Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының есімі берілді», - делінген хабарламада.
Бүгінде Зеленоградтың орталығында, Крюково стансысының жанында орналасқан қаладағы байырғы мектеп таңдалуының тарихи мәні бар. Ұлы Отан соғысы кезінде Мәскеу үшін осы жерде қантөгісті шайқас өткен және онда генерал И.В.Панфиловтың басшылығымен 316-шы дивизия жауынгерлері мәңгі өшпес ерліктің өнегесін көрсеткен болатын.
Енді биылғы мектеп оқушылары қаһарман батыр есіміндегі жаңа атауы жазылған мектептің аттестатын алатын болады. Бүгінгі таңда қазақстандық тараптың жәрдемдесуімен мектепті заманауи оқу-техникалық жабдықтармен жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде. Биыл Бауыржан Момышұлының 100 жылдық торқалы мерекесі жылы мектепте оның мүсіні қойылады және батыр атындағы мұражай ашылады. Елшілік қазірдің өзінде мектепке Б.Майлин, І.Жансүгіров, Ол.Сүлейменов, Ә.Әлімжанов, Б.Қанапиянов, Г.Бельгер, М.Зверев және басқа да қазақстандық авторлардың кітаптарын сыйға тартты.
Ұлы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеу қарсаңында, мамырдың 1-інде Зеленоградтағы Шығармашылық сарайының алдында, Панфилов даңғылында Айман Мұсақожаеваның басқаруымен Еуразиялық симфониялық оркестр концерт ұйымдастырмақ.