Мәскеудегі қазақ майдангері мерекелік медальмен марапатталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеуде ұлты қазақ жалғыз Ұлы Отан соғысы ардагері тұрады. 90-ның табалдырығынан енді аттаған Шәміл Серғазиевті Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында Қазақстанның Ресейдегі елшісі Марат Тәжин мерекелік медальмен марапаттады.

Сондай-ақ Мәскеуде тұрып жатқан өзге де қазақстандық тыл және еңбек ардагерлеріне медальдер табысталды, деп хабарлайды 24.kz.

Қызылорда облысының тумасы Шәміл Серғазиев 1943-45 жылдары екінші Беларусь майданында соғысып, екі рет ауыр жарақаттанған. Кейін Варшаваны азат етуге қатысып, қанды майданды сонда аяқтайды. Салтанатты шара кезінде ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілді.

« Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған елімізге, жастарға, барша қазақстандықтарға бақыт, бейбіт өмір тілеймін. Қазақстан міндетті түрде дамыған 10 елдің қатарынан орын алатынына кәміл сенемін. Еліміз көркейіп, гүлдене берсін», деген жүркжарды тілегін білдіреді ҰОС ардагері Шәміл Серғазиев.