Мәскеудегі қазақстандық студенттер саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Мәскеуде білім алып жатқан қазақстандық студенттер саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды. Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында «Жас Тұлпар» қазақстандық студенттер бірлестігі «Алаш» партиясының 100 жылдық тарихы мен оның жетекшілерінің тағдырын талқылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.


«Ресейдегі «Жас Тұлпар» қазақстандық студенттер бірлестігі халқымыз үшін, біздің тәуелсіздігіміз үшін жанын қиған саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған маңызды тарихи іс-шара өткізіп жатыр. Биыл «Алаш Орданың» жүз жылдығы, сондықтан біз - қазақстандық студенттер - жиналып,  әрбір кейіпкердің, әрбір тұлғаның өмірін талқылауды ұйғардық», - деді шараның мақсаты туралы Мәскеудегі қазақстандық студенттер бірлестігінің төрағасы, РФ Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет және Ресей халық шаруашылығы академиясының магистранты Мұхтар Баймағұлов.

Шараға қонақ ретінде қазір Ресей астанасында жүрген белгілі қазақстандық жазушы және драматург Дулат Исабеков қатысты. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар өз баяндамаларын ұсынып, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев және басқа да қазақ зиялыларының өмірбаянын талқылады.