Мәскеудегі жаппай тәртіпсіздіктерге қарамастан Құрбан айт мейрамы тиісінше атап өтіледі - Ресей Мүфтилер кеңесінің төрағасы
19:06, 14 Қазан 2013
АСТАНА. 14 қазан. ҚазАқпарат - Ресей Мүфтилер кеңесінің төрағасы Рушан Әббәсовтың пікірінше, Мәскеудің Бирюлево ауданында орын алған тәртіпсіздіктер астанадағы Құрбан айт мерекесінің тойлануына еш әсер етпейді, деп хабарлайды Вести. ру.
«Соның кесірінен айт мерекесі тойланбай қалады деп айта алмаймын. Біз оған көп дайындалдық. Құқық қорғау органдарының көмегімен, бәріміз жұмыла мұсылмандар мерекесін абыройлы атап өтеміз деп үміттенем», - деді мүфти.
Вести.Ru сайты Құрбан айт мерекесінің тойлануын Мәскеу мешітінен тікелей көрсететін болады.
Ресей астанасының Бирюлево Западное ауданында 13 қазан күні жаппай тәртіпсіздіктер орын алды. Оған Солтүстік Кавказ тумасының жергілікті тұрғынды өлтіруі себеп болды. Еске сала кетейік, жергілікті полиция ереуілдеген халықты тыныштандыру барысында 400-дей адамды тұтқындады.