Мәскеуден шыққан туристік-танымдық экспедиция Қызылордаға келді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Кеше Қызылордаға Орталық Азия мемлекеттері мен Ресейден 100-ден астам турист табан тіреді.
«Еуразия жүрегіне саяхат — 2025» бірегей туристік-танымдық экспедициясы маусым айының басында Мәскеуден шыққан.
Бұл туралы Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасынан хабарлады.
Экспедиция мүшелері содан бері сан ғасырлық тарихы бар қалаларды аралап, әдет-ғұрпымен және мәдениетімен танысып үлгерді. Мақсаты — Орталық Азия елдері мен Ресей арасындағы іскерлік, гуманитарлық және ғылыми байланысты нығайту, сондай-ақ халықаралық әріптестікті дамыту.
— Сыр бойына сапары кезінде қонақтар Арал ауданына барып, Балықшылар аллеясын тамашалап, Арал теңізі туралы құнды мәлімет алды. Одан кейін XIX ғасырдағы орыс сәулет өнері үлгісінде салынған Балықшылар музейіне барды. Мұнда «Балықшылар», «Кемелер» залы және ашық аспан астындағы музей көрмесі ұйымдастырылған. Музей қорындағы құнды жәдігерлермен таныс болған құрметті қонақтар ерекше әсер алып, теңіз тарихын қызығушылықпен тыңдады. Экспедиция Шижаға елді мекеніндегі құмды төбелер мен өңірдегі бірегей демалыс аймағы саналатын «Қамбаш» көлінде жалғасты, — делінген хабарламада.
Бағдарламаға сәйкес енді олар Байқоңыр қаласы, Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалды кешені мен Қызылорда қаласындағы бірнеше мәдени-спорттық нысанды аралайды.
Ал 22 мамырда Марракеш-Алматы мотоцикл турымен жолға шыққан марокколық кәсіпкер және саяхатшы Әбуфирасс Әбділғанидің 11 маусым күні Қызылорда қаласына аялдағанын жазғанбыз.