Мәскеуден Солтүстік Кореяға алғашқы тікелей рейс Пхеньянға қонды

Фото: ТАСС

АСТАНА. KAZINFORM — Ұшақты Пхеньян әуежайында үлкен салтанатпен қарсы алды, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.

Ресей тарапынан Мәскеу мен Пхеньян арасындағы сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияны басқаратын Табиғи ресурстар министрлігінің басшысы Александр Козлов бастаған ресейлік делегация мен экипаж мүшелеріне гүл шоқтары табыс етілді.

Ұшу Boeing 777-200ER ұшағында орындалды, ол 440 жолаушыны сыйдыра алады. Ұшақ Шереметьеводан 27 шілдеде Мәскеу уақытымен 19:30–да ұшты, жол жүру уақыты шамамен сегіз сағат.

Ұшу кезінде барлық хабарландыру орыс және кәріс тілдерінде жасалды. 

Кері рейс 29 шілдеге жергілікті уақыт бойынша сағат 09:00–де (Мәскеу уақытымен 3:00) жоспарланған.

Шілде айының басында Росавиация Nordwind әуе компаниясына КХДР-ға ұшуға рұқсат берді. Мәскеуден Пхеньянға билет сату 18 шілдеде басталды, бағасы 44,7 мың рубльден басталады. 

Козловтың айтуынша, рейстер одан әрі айына бір рет орындалады. Табиғи ресурстар министрлігінің басшысы бұл рейстің ашылуы тарихи оқиға екенін атап өтіп, екі астананы байланыстырудың маңыздылығына тоқталды.

Авиациялық ынтымақтастықты кеңейту маусым айында Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Мәскеу мен Пхеньян әуе қатынасын кеңейту туралы келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеген.

Солтүстік Кореяның Air Koryo әуе компаниясы Владивосток пен Пхеньян арасында тікелей рейстерді аптасына үш рет — дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері орындайды.

Мемлекеттер арасындағы тікелей әуе қатынасы 2023 жылдың тамызында қайта жанданды, ол пандемияға байланысты үзілген болатын.

Пхеньянға билеттерді бөлек сатып алу мүмкін болмады, себебі олар туристерге тек экскурсиялық турдың бір бөлігі ретінде сатылды.

РФ мен КХДР арасындағы жолаушылар теміржол қатынасы 2020 жылдың ақпан айында COVID-19 індетіне байланысты тоқтатылды. 2024 жылдың желтоқсан айының ортасында Ресей темір жолдары КХДР Темір жол министрлігі құрған Туманган (КХДР) — Хасан (РФ) бағыты бойынша № 645/646 халықаралық пойыздың қозғалысын қалпына келтіретінін хабарлады. Мәскеу мен Пхеньян арасындағы жолаушылар теміржол қатынасы 17 маусымда қайта жанданды.

Айта кетелік Солтүстік Корея Bitcoin қоры бойынша әлемде үшінші орынға көтерілген еді