Мәскеудің оңтүстігінде 7 қабатты ғимарат опырылып құлады

АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - Мәскеудің оңтүстігінде сәуірдің 16-сынан 17-сіне қараған түні жаңадан салынып жатқан 7 қабатты ғимарат опырылып құлады, деп хабарлады Утро. ру.

Елордалық ТЖМ ММ-нің баспасөз қызметінен хабарланғандай, оқиға туралы хабар мәскеу уақыты бойынша 01.46-да түсті.

Қирандылардың аумағы 2,5 мың-нан астам шаршы метрді құрады. Үйінділердің астынан 11 адамды алып шықты, олардың 10-ы ауруханаға жеткізілді. Тағы бір адам көз жұмды.

Адамдарды іздеу жұмыстарын 25 өрт сөндіру-құтқару жасақтары және кинологтардың 4 жасағы жүргізді. Таңғы сағат 5-ке қарай ТЖМ-нен хабарланғандай, зардап шеккендердің барлығы үйінділердің астынан шығарылды.

ІІД-нің берген мәліметіне қарағанда, олардың дені 19 бен 25 жас аралығындағы құрылысшылар болып табылады. Оларға бас сүйек-ми және көз жарақаты диагноздары қойылды.

ТЖМ ММ-нің Мәскеу бойынша басшысының орынбасары Илья Денисов журналистерге мәлім еткендей, «Грейфер» тәжірибелік-эксперименттік зауыт» ААҚ аумағында орналасқан ғимарат бизнес-инкубатор ретінде салынып жатты.