Мәскеуге жауған қалың қардан кептеліс үдеп, такси бағасы шарықтады

Фото: ТАСС

МӘСКЕУ. KAZINFORM — 18 ақпанға қараған түні Мәскеу мен облыс аумағына қалың қар жауып, тәулік соңына дейін әртүрлі қарқынмен жалғасатыны хабарланды. Қардың мол түсуіне Адриатика теңізінің солтүстігінен Орталық Ресейге жеткен циклон себеп болған, деп жазды ТАСС агенттігі.

Синоптиктер болжамы

РФ Гидрометорталығының мәліметінше, қардың ең қарқынды кезеңі 19 ақпан күні таңғы 09:00–12:00 аралығына сәйкес келеді. Кейін жауын-шашынның қарқыны біртіндеп бәсеңдейді.

Қарлы боран, көктайғақ және жолдағы қар үйінділерімен қатар жүретін бұл қолайсыз ауа райы кезінде елордада 25 мм-ге дейін жауын-шашын түсуі мүмкін. Қар жамылғысының қалыңдығы 31 см-ге дейін ұлғаяды деп күтілуде. Мамандардың айтуынша, соңғы 56 жылдағы тәуліктік жауын-шашын рекорды жаңаруы ықтимал.

Қатты боран мен секундына 17 метрге дейін жететін жел екпініне байланысты Мәскеу мен облыста «қызғылт сары» (қауіпті) ауа райы деңгейі жарияланды.

Әуежайлар жұмысы

Шереметьево, Внуково, Домодедово және Жуковский әуежайы қалыпты режимде рейстерді қабылдап, жөнелтуде. Дегенмен, ауа райына байланысты 19 рейс ұшып келу және ұшып кету бағытында тоқтатылған. Тағы 14 рейс екі сағаттан астам уақытқа кешіктірілген.

Қосымша мұзға қарсы өңдеу жұмыстарына байланысты да қысқа мерзімді кідірістер тіркелген. Әуежайлар күшейтілген режимде жұмыс істеп, ұшу-қону жолақтары тұрақты түрде тазартылып, арнайы реагенттермен өңделіп жатыр.

Жолдағы жағдай

Қалың қар түсуіне байланысты қала көшелеріндегі кептеліс деңгейі 10 балдық шкала бойынша 9 баллға жеткен. Қозғалыс әсіресе орталық көшелерде, Садовое, Бульварное және Үшінші көлік сақинасында қиындаған. Мәскеу айналма автожолы (МКАД) бойында да көлік қозғалысы баяулаған.

Такси қызметінің бағасы кей бағыттарда 2–3 есеге дейін өскен. Сарапшылар қарбалас уақытта сапар ұзақтығы 30%-ға дейін ұзаруы мүмкін екенін ескертті.

Қалалық қызметтердің жұмысы

Коммуналдық қызметтер тәулік бойы қар тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жаяу жүргіншілер аймақтары, тротуарлар, аялдамалар, метро станциялары мен әлеуметтік нысандар маңы ерекше бақылауға алынған.

Қала мэрі Сергей Собянин барлық қызметтердің күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Көшелер мен негізгі магистральдар механикаландырылған әдіспен тазартылып, көктайғаққа қарсы өңдеу тұрақты түрде қайталанып жатыр. 

Қазіргі таңда Мәскеу өңіріндегі әуе және жерүсті көлігі қозғалысы тиісті органдардың ерекше бақылауында.

Айта кетейік, Ресейде қаңтар айындағы жылдық инфляция 6 пайызды құрады.