Астанада қалалық денсаулық сақтау басқармасының шақыруы бойынша 17-28 маусым аралығында Ресей Медицина академиясы кафедрасының (Ресей, Мәскеу қаласы) балалар жасындағы анестезиология, реаниматология және токсикологиясы бойынша дипломнан кейінгі білімнің екі апталық көшпелі циклі жоспарланған.
«Балалар жасындағы анестезиология және реаниматология» тақырыбындағы семинар қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық денсаулық сақтау басқармасынан хабарлады.
«Аталған оқытудың мақсаты - Астананың анестезиолог-реаниматолог дәрігерлерінің тәжірибесіне ресейлік мамандардың диагностикадағы жаңа тәсілдерін, үдемелі терапияның озық үлгілерін енгізу, сол арқылы балаларға дәрігерлік көмек көрсету сапасын арттыруға көмектесіп, сәбилер арасындағы шетінеуді азайту»,- деп атап көрсетеді ведомстводан.
Басқарма өкілінің айтуынша, семинар анестезиология және балаларда кездесетін токсикология мен реаниматологиядағы жаңа технологиялар мен инновацияларды талқылауға жақсы мүмкіндік береді.
Семинар аясында Астана қаласының медициналық ұйымдарының 25 анестезиолог-реаниматолог дәрігері білімдерін жетілдіреді.