Аталмыш шеруді «Әл-Құдыс үшін бүкіл әлемдік одақ» мүшелері ұйымдастырып отыр. Осымен үшінші рет түрлі ұлт пен ұлыстардан тұратын, наным-сенімі де өзге, саяси көзқарастары әр алуан белсенділер жұдырықтай жұмылып, киелі қаланы, оның діни, тарихи, мәдени маңызы зор құндылықтарын қолдау үшін көшеге шығады. Өткен жолы Палестина халқына қолдау білдіру үшін әлемнің түкпір-түкпірінен 400-ге жуық қала тұрғындарының осынау ғаламдық шеруге қатысқанын айта кету керек. Бұл туралы Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінің ресми сайтында хабарланған.
Тоқтала кететін жайт, Палестина президенті Махмуд Аббас «Әл-Құдыстан жөйттер кетпейінше аймақта тыныштық орнамайтынын» мәлімдеген болатын. «Ол бұл мәлімдемесін сәрсенбі күні өткен 4-ші Әл-Құдыс конференциясында жасады. Ол өз сөзінде Израильдің Әл-Құдысты иудейлендіру саясатынан сақтап қалуға тек палестиналықтар ғана емес, сонымен қатар, әлем жұртшылығы да жауапты екенін еске салып өтті. Сондай-ақ, ол әлем жұртшылығын миллиондар шеруіне қатысып, жөйттердің зорлық-зомбылығынан көз ашпай отырған палестиналықтарға қолдау көрсетуге шақырды», - деп жазады muslim.kz.