Масктың топ-менеджерлері оның есірткі қолдануына алаңдайды – WSJ
Tesla және SpaceX топ-менеджерлері осы компаниялардың бас директоры Илон Масктың есірткі қолданып жүргеніне алаңдап отыр. Бұл туралы сенбі, 6 қаңтарда кәсіпкер мен оның компанияларымен таныс аты аталмаған сұхбаттастарына сілтеме жасап Wall Street Journal (WSJ) мәлім етті. Kazinform агенттігі бұл туралы DW-ге сілтеме жасап хабарлайды.
«Тыйым салынған заттарды пайдалану SpaceX-тің үкіметпен миллиардтаған долларлық келісімшарттарына қауіп төндіруі мүмкін», - деп атап өтті WSJ.
АҚШ ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасы (NASA) бұл фирманың қызметін бірнеше рет пайдаланған.
Маск WSJ сұрауына жауап бермеді. Оның адвокаты Алекс Спироның мәлімдеуінше, бизнесмен «SpaceX-те есірткі сынақтарынан үнемі және кездейсоқ түрде өтіп тұрады. Бірде-бір рет өтпей қалмаған».
Инвесторлардың триллион долларлық активтері үлкен тәуекелді
Маск өз компаниялары «құнының ажырамас бөлігі». Сондықтан оның әрекеттері инвесторлардың 1 трлн долларлық активтеріне, ондаған мың жұмыс орындарына және АҚШ ғарыш бағдарламасының маңызды бөлігіне қауіп төндіруі мүмкін, деп атап көрсетеді газет.
Ғаламшардағы ең бай адам жекеменшік ойын-сауық кештерінде ЛСД, кокаин, экстази және галлюциногенді саңырауқұлақтарды пайдаланады. Ал бұл кешке қатысушылар ақпаратты жарияламау туралы келісімге қол қойып немесе шараға кірер алдында телефондарын тапсырады, деп түсіндірді газет дереккөздері.