Мәслихат депутаттарының біліктілігі қалай артады

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев мәслихат депутаттарының біліктілігі қалай артатынын түсіндірді. 

Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі / Әли Ғалым

«Менің ойымша, Мемлекеттік қызмет агенттігіне жаңашыл үлкен жұмыстарды жасау керек болады. Әрбір саяси партия өз мәслихат депутатының білікті болғаны үшін қызмет жасауы керек. Мынаны түсуінуіміз керек: адам біліп тумайды, адам қалыптасады. Сонымен қатар әлем өзгеріп отырады, білім де, біліктілік те өзгереді. Біз егерде мәслихат депутаттарының біліктілігін жыл сайын, жарты жылда арттырмасақ, олар тасада қалады. Сол себепті оған міндетті түрде атсалысу керек», - деді ол мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форум кулуарында. 

Сонымен бірге спикер әртүрлі форум, тренинг, кездесу және жаңа білім модульдарын ұйымдастыру керегін айтты. 

«Басқа елдердегі муниципалды депутаттармен байланыс орнатып, әлемнің озық тәжірибесін көру керек. Кей өңірлердің депутаттары шешілмей тұрған түйінді сапалы шешіп жататын тұстары болады, сол мәслихатаралық байланыстың да жетіспеуі байқалады. Оған да басымдық беру керек», - деді Елнұр Бейсенбаев. 

Айта кетейік, Президент мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыруды тапсырған еді.