Мәслихат депутаттарының кезекті сайлауына үміткерлер саны 9 мың 619 адамға жетті - ОСК

АСТАНА. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Кеше, 14-ші желтоқсан күні 2012 жылдың 15-ші қаңтарына жоспарланып отырған мәслихат депутаттарының кезекті сайлауына үміткерлерді ұсыну аяқталды.

Мәслихат сайлауына үміткерлерді ұсыну үшін берілген мерзімде республика бойынша 9 мың 619 адам ұсынылды. Бұл мәліметтермен бүгін елімізде өткелі отырған Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы мен мәслихат депутаттарының кезекті сайлауына байланысты өткен баспасөз мәслихатында Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос таныстырды.

Оның деректерінше, мәслихат депутаттарының сайлауына ұсынылған азаматтардың 1 мың 784-і облыстық және Астана мен Алматы қалаларының мәслихат депутаттары болғылары келеді. Ал 5 мың 820 адам аудандық мәслихаттың депутаттығынан үмітті. Сондай-ақ 2 мың 15 адам қалалық мәслихат депутаты болсақ деп отыр. «Осы уақытта еліміз бойынша мәслихат депутаттарының сайлауына кандидат ретінде 6 мың 773 адам тіркелді. Кандидаттарды тіркеу шарасы 20 желтоқсанға дейін жалғасады. Ал 21-ші желтоқсаннан бастап, сайлауалды үгіт жұмыстары басталады»,-деді В.Фоос.

Мемлекет жергілікті өкілетті органдарға депутат болу үшін кандидат болып тіркелген әрбір азаматтың үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін радио, телеарна мен баспасөзден бірдей көлемде уақыт бөледі. «Бұған қоса мәслихат депутаттығына кандидаттар баспасөз беттерінен немесе электронды ақпарат құралдарынан көріну үшін өзінің жеке сайлау қорын құра алады. Мәслихат депутаттығынан кандидаттардың сайлау қорларының ең жоғары көрсеткіші 10,5 миллион теңгеден аспауы керек. Бұл шамамен алғанда 71 мың АҚШ доллары»,-деді ОСК төрағасының орынбасары.