Мәслихат депутаты: Төтенше жағдай мерзімін ұзарту – қажеттіліктен туындады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін созу шешімі қоғамдық қажеттіліктен туындап отыр. Алматы қаласы мәслихатының депутаты Нұрия Ниязова осындай пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай режимін ұзартуға қатысты мәлімдемесі қажеттіліктен туындап отыр. Мемлекет басшысы бұл шешімді елеп-екшеп, нақты зерттеулерден кейін қабылдағанына күмән жоқ. Біз осы уақытқа дейін карантин режимін бұзбай келдік. Енді осы атқарылған жұмысты бекіту үшін, зая кетірмеу үшін соңғы 2 апта карантинде отыруымыз керек. Қазір қалада экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін ірі кәсіпорындар іске қосыла бастағаны белгілі. Мемлекет бұл тұрғыда барлық санитарлық нормалардың сақталуын қамтамасыз ететін болады», - деді Нұрия Ниязова.

Мәслихат депутаты азаматтарды сабырлыққа шақырды.

«Қазір – Рамазан айы. Барлық тұрғындарға сабырлық сақтауға кеңес беремін. Дәрігерлер, әскерилер, мұғалімдер сияқты өз міндетін қалтқысыз атқарып жатқан мамандарға алғысым шексіз. Мемлекет те бірінші кезекке азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қойып отырғаны анық. Мұны көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмектен көруге болады», - деді Н.Ниязова.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін мәлімдеме жасап, төтенше жағдай режимі биылғы 11 мамырға дейін ұзартылатынын айтты.

Сонымен қатар 1 мамырдан бастап елорда мен Алматы қалалары арасында әуе рейстері ашылатын болады.