Онда депутаттар Мемлекет басшысы Жолдауда белгілеп берген міндеттерді ескере отырып, Палата жұмысының жаңа сессиядағы басымдықтарын талқылады. Сондай-ақ іс-шара барысында 14 қыркүйек күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібі айқындалды.
Бюро отырысында депутаттар VIIІ шақырылымдағы Парламенттің ІІ сессиясына арналған Сенаттың жаңартылған негізгі іс-шаралар жоспарын талқылады. Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев сенаторларды ашық және транспарентті форматта жұмыс істеуге, әріптестерімен және сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, диалог алаңдарына белсенді қатысуға шақырды.
«Сенаттың ІІ сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспары Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында жүктелген міндеттер ескеріле отырып пысықталды. Бұл іс-шаралар мүдделі тараптардың, сарапшылардың, әртүрлі саладағы мамандардың және бизнес өкілдерінің қатысуымен ашық түрде өтуге тиіс. Мәслихат өкілдерін бірлескен заң шығару жұмысына белсенді жұмылдырудың да маңызы зор», – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, Сенаттың алдағы отырысында депутаттар халықаралық қызметке қатысты бірқатар заңды қарайды.
Сонымен қатар Бюро отырысында Мәжіліс қабылдаған заңдар жұмыс үшін Сенаттың тұрақты Комитеттеріне бөлініп берілді.