Оның айтуынша, сайлау комиссиялары мүшелеріне әдістемелік қолдау көрсету мақсатында науқанның басында Орталық сайлау комиссиясы оқу-әдістемелік кешен мен округтік сайлау комиссияларына арналған нұсқаулық әзірлеп, өңірлерге жолдануын қамтамасыз етті.
— Сайлау науқанына тартылған сайлау комиссияларының 86 мыңнан астам мүшесі толық көлемде оқытудан өтті. Олар үшін каскадтық оқыту әдісін қолдана отырып, 3 814 семинар ұйымдастырылды. Бұл ретте округтік сайлау комиссиялары мүшелерін даярлауға басымдық берілді. Білім деңгейін тексеру мақсатында сайлау комиссияларының барлық мүшесі кезең-кезеңімен қашықтан тестілеуден өтіп, тиісті сертификаттар алды. Бұдан бөлек өңірлерде саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен сайлау процесінің басқа да қатысушыларына қажетті ақпараттық-түсіндіру және оқыту жұмыстары жүргізілді. Оның аясында 2 мыңға жуық іс-шара өткізіліп, оларға 15 887 адам қатысты, — деді Шавхат Өтемісов.