Алматыда тамақтану орындарының жазғы террасасын орналастыру тәртібі өзгерді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 2023 жылы ақпанда бекітілген қоғамдық тамақтану нысандары жанынан жазғы алаңдар орнату қағидаларына өзгеріс енгізілді.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, түзетулер кәсіпкерлер үшін келісу рәсімін жеңілдетуге бағытталған. Сондай-ақ қоғамдық орындардағы және көппәтерлі тұрғын үйлердің аумақтарында жазғы террасаларды, верандаларды және сыртқа қойылатын үстелдерді орналастыру талаптарын нақтылайды.

Жаңа тәртіп бойынша жазғы алаңдар көркейту нысандарының қатарына енгізілді. Оларды орналастыруды келісу үшін кәсіпкер Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасына өтініш беріп, онда алаңның мекенжайын, аумағын, өлшемі мен шекарасын көрсетуі керек. Өтініштер Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіп пен мерзімге сәйкес қаралады.

- Жалпыға ортақ аумақтарда жазғы алаңдарды жер учаскесін жекеменшікке рәсімдемей, уақытша орналастыруға болады. Ол үшін алаң қоғамдық тамақтану орнына тікелей жалғасып, мекеме ішінен оған шығатын есік болуы қажет. Сонымен қатар жүргіншілердің еркін қозғалысына кедергі келтірмеу керек. Алаңды толық қоршауға рұқсат етілмейді, - деп хабарлады әкімдіктен.

Ал көппәтерлі тұрғын үйлердің ауласында жазғы алаң ашу үшін кәсіпкер мүлік иелерінің бірлестігіне немесе басқарушы ұйымға жүгінуге тиіс. Мұндай шешім пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар иелерінің жалпы жиналысында қабылданады. Егер жазғы алаң жекеменшік жерге орналастырылса, жер иесінің келісімі қажет. Ал жер учаскесінің бірнеше иесі болса, олардың барлығы рұқсат беруі керек.

Одан бөлек жазғы алаңдарды жабдықтау кезінде ерекше қажеттілігі бар адамдардың еркін қозғалуына жағдай жасау, шұғыл қызметтің кедергісіз өтуіне және инженерлік желілерге қол жеткізуге мүмкіндік қалдыру міндеттеледі.

- Мұндай нысандар жүргіншілер мен велосипед жолын, балалар және спорт алаңдарын иемденбеуі әрі олардың қалыпты пайдаланылуына кедергі келтірмеуге тиіс, - деп мәлімдеді Алматы әкімдігі.

Еске салайық, былтыр Алматыда кәсіпкерлер көріктендіру төлқұжатының ережелерін сақтауға міндеттелді.