Сайлаушылар тізіміне мерзімді әскери қызметтегі 600-ден астам сарбаз бен үш офицер енген. Ал жақында ғана Ұлттық ұлан қатарына қосылған 270 жас әскери қызметші өмірлерінде алғаш рет дауыс берді.
Әскери бөлім командирінің орынбасары Ескендір Сараубековтің айтуынша, ол төртінші жыл қатарынан учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарып келеді. Оның сөзінше, әскери қызметтің өзіндік ерекшеліктеріне қарамастан, дауыс беру рәсімі қаладағы басқа сайлау учаскелеріндегі тәртіппен бірдей өтеді.
— Сарбаздардың өз таңдауын жасауға толық конституциялық құқығы бар. Біздің міндетіміз — олардың еркін әрі саналы түрде дауыс беруіне барлық жағдайды қамтамасыз ету, — деді Ескендір Сараубеков.
Сайлау алдында әскери қызметшілерге дауыс беру тәртібі түсіндірілді. Бүгін әрбір сайлаушыға түрлі түсті үш бюллетень беріледі: көгілдір түсті бюллетень — облыстық мәслихатқа партиялық тізімдер бойынша дауыс беруге, жасыл түсті бюллетень — бірмандатты округтер бойынша облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттарға, ал күлгін түсті бюллетень қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттарға дауыс беруге арналған.
Сайлауға алғаш рет қатысып отырған және учаскеге алғашқылардың бірі болып келген бес әскери қызметшіге әскери бөлім басшылығы естелік сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар әскери бөлімнің асханасында мерекелік түскі ас ұйымдастырылды.
Жалпы, Қостанай облысында дауыс беру құқығына ие азаматтардың саны 540 мыңнан асады. Өңірде 716 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлау қорытындысы бойынша мәслихаттардың барлық деңгейіне 264 депутат сайлануы тиіс.