Мәслихат сайлауы: саяси додада кімдер бақ сынайды

АСТАНА. KAZINFORM — 29 қарашада барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Қазақстандықтар алдағы бес жылда жергілікті өкілді органдарда өз мүддесін қорғайтын депутаттарды таңдайуы керек. Kazinform тілшісі сайлау науқаны қалай өтетінін және өңірлерде қанша депутат сайланатынын сараптады.

Фото: Kazinform/ЖИ

Мәслихат депутаттарының міндеті қандай?

Алдымен саяси институттың құрылымын анықтап алайық. Мәслихат — жергілікті тұрғындардың мүддесін білдіретін өкілді орган. Депутаттар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді талқылап, маңызды шешімдер қабылдауға атсалысады. Жергілікті бюджетті бекіту, жоспарланған жобалардың орындалуын бақылау да мәслихат депутаттарының құзырында. Бастысы, мандат иелеріне өзі сайланған өңірдің келешегіне қатысты бағадарламаларды сараптап, тұрғындардың тілек-шағымын құзырлы органдарға жеткізу міндеті жүктелген.

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, биыл елдегі 228 мәслихаттың құрамы жаңармақ, барлығы 3 447 депутат сайлануы тиіс:

  • Облыстық — 20 мәслихат, 668 депутат;
  • Қалалық — 38 мәслихат, 626 депутат;
  • Аудандық — 170 мәслихат, 2 153 депутат.

Биыл сайлау науқанына 7 саяси партия жіберілді. Олардың қатарында «Ақ жол», «Ауыл», «Әділет», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Байтақ», Қазақстан Халық партиясы мен Respublica партиясы бар.

ОСК дерегінше, партиялық тізімге тек сол партияның мүшелері ғана енгізіледі. Тізімдегі әйелдер мен жастардың үлесі кемінде 30%-ға жетуі тиіс. Сонымен қатар партиялық тізімге енгізілген кандидат бір мезгілде бір мандатты округ бойынша бағын сынай алмайды.

Ескеретін жайт, алдағы сайлау аралас жүйе бойынша өтпек. Үміткерлер сайлауға партия атынан да, жеке бір мандатты округтер бойынша да қатысғаға құқылы.

Облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында аралас сайлау жүйесі жоспарланған. Онда депутаттардың жартысы партиялық тізім арқылы, қалған жартысы бірмандатты сайлау округтері бойынша сайланады. Мандат саны тақ болған жағдайда оның басым бөлігі бірмандатты округтерге беріледі.

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда жағдай өзгеше. Онда мәслихат депутаттары тек бірмандатты округтер бойынша сайланады. Бұл жағдайда тұрғындар саяси партияға емес, нақты кандидатқа дауыс береді.

ОСК мәліметінше, 20 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы мәслихат депутаты ретінде сайлауға түсіуге құқылы. Алайда бір адам тек бір мәслихаттың депутаты бола алады.

Бұған қоса сайлауға қатысуға тыйым салынған санаттағы азаматтар бар:

  • Сот әрекетке қабілетсіз деп тапқан азаматтар;
  • Соттылығы жойылмаған немесе алынбаған адамдар;
  • Сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе құқық бұзушылық жасағаны үшін сот кінәлі деп танылғандар сайлауға қатыса алмайды.

Үміткерлер қанша жарна төледі?

Сайлауға қатысатын үміткерлер жарна төлейді. Оның мөлшері ең төменгі жалақының бес есесіне, қазіргі есепен алсақ, 425 мың теңгеге тең. Саяси партиялар тізімге енгізілген әрбір үміткер үшін осы соманы өз қаражаты есебінен төледі. Бұл сома бір мандатты округтер бойынша түсетін үміткерлер үшін де белгіленген.

Дегенмен партиялардың өткен сайлаудағы нәтижелеріне байланысты жеңілдіктер қарастырылған болатын:

  • 5% және одан көп дауыс жинағандар — жарнадан толық босатылады;
  • 3%-дан 5%-ға дейін — жарнаның 50%-ы;
  • 1%-дан 3%-ға дейін — жарнаның 70%-ы;
  • 1%-дан аз жинағанда — жарнаны толық төлеуге міндетті.

Сайлау нәтижесінен кейін де жарнаға қатысты жаңалық болады. Егер алдағы сайлау нәтижесінде саяси партия немесе өзін-өзі ұсынған кандидат кемінде 5% дауыс жинаса, төлеген жарнасы қайтарылады. Қалған жағдайда қаражат республикалық бюджетке аударылады.

Үгін-насихат қалай жүргізіледі?

Саясаттанушы, Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры Толғанай Үмбетәлиеваның айтуынша, биылғы сайлау науқанында үгіт-насихат форматы өзгерді. Бұған елдегі цифрландыру көрсеткіші мен жаңа саяси үрдісі себеп болған.

— Биылғы сайлау науқанында әлеуметтік желілер мен жасанды интеллект технологиялары кеңінен қолданылды. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары түгелге жуық әлеуметтік желілерге ауысты десек болады. Қала көшелерінен дәстүрлі үгіт-насихат плакаттарын көрмедік. Үміткерлердің сайлауалды штабы офлайн форматта белсенді болған жоқ, керісінше онлайн жұмыс жүйелі жүргізілді, — деп бағалады сарапшы.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, мәслихат депутаттығына кандидаттардың сайлауалды үгіт жүргізуіне республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Бұл шешім «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабының 3-тармағы және 33-бабының 2-тармағы негізінде шығарылған.

Атап айтқанда, республикалық маңызы бар қалалар, облыстар мен Астана мәслихаттарына үміткерге теледидар мен радио арқылы сөз сөйлеуге, сондай-ақ баспа немесе интернет-басылымдарда екі мақала жариялауға 410 мың теңгеге дейін қарастырылған. Ал жария үгіт іс-шараларын өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға 180 мың теңге, көлік шығындарына әр кандидатқа 110 мың теңге бөлінді.

Қалалық және аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлерге берілетін сома сәл өзгеше. Қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттарға сөз сөйлеу мен мақала үшін 400 мың теңге, үгіт іс-шаралары мен материалдарына 170 мың теңге, көлік шығындарына 80 мың теңге қарастырылған. Аудандық мәслихаттарға үміткерлерге осы мақсаттар үшін 290 мың, 130 мың және 80 мың теңге бөлінді.

Толғанай Үмбетәлиеваның пікірінше, бұл шығындарды өтеу сайлаушылар мен үміткерлердің байланыс орнатуына ықпал етпек. Кейін тұрғындардың дауыс беруге қатысу белсенділігіне әсер етеді деген пайым айтты.

Фото Толғанай Үмбетәлиеваның жеке архивінен

— Әрине, қысқа мерзімде азаматтардың сенімін арттыру өте қиын. Депутаттар халықтың көзқарасын тек сайлаудан кейінгі күнделікті жұмысы арқылы өзгерте алады. Егер олар қала тұрғындарының мәселелерін нақты шешіп, өз округіндегі азаматтармен тұрақты байланыста болса, ашық диалог жүргізіп, атқарған жұмыстарының нәтижесі туралы есеп беріп отырса, халықтың сенімі де, сайлаушылардың белсенділігі де арта бастайды, — деді саясаттанушы.

Сарапшы сайлаудан кейінгі кезең маңызды деп отыр. Депуаттар өңірдің бюджет саясатын, халықтың тұрмыс сапасына қатысты бағдарламаларға аса мұқият болуы шарт.

— Мәслихаттардың қаржы саясатындағы рөлін күшейту керек. Мәслихаттардың өкілетін кеңейтіп, депутаттар бюджетті нақты бақылауға көшуі қажет. Әкімдіктер әзірлеген жобаларды мақұлдаумен ғана шектелмей, тұрғындардың сұранысына қарай өңір бюджетін қайта бөлуге мүмкіндік берген дұрыс. Сонымен қатар тәуелсіз сараптама жүргізу тетігін жетілдіру кезек күттірмейді. Депутаттардың мемлекеттік сатып алу, тарифтер және ірі инфрақұрылымдық жобалар бағытына жұмсалатын шығындардың тиімділігін кәсіби тұрғыда бағалай алуы керек. Ол үшін өз бетінше талдау жүргізуі тиіс немесе аудит аппараты болған жөн. Сондай-ақ депутаттар бюджет қаражатының бөлінуіне тікелей жауапты болуы қажет, — деп түйіндеді Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры Толғанай Үмбетәлиева.

Дауыс беру қалай өтеді?

Сайлаушылар тізімі 13 қарашада ашылды. Азаматтар дауыс беру күніне дейін тізімде бар-жоғын және жеке деректерінің дұрыс енгізілгенін алдын ала тексере алады.

Ал сайлау күні — 29 қараша, сайлау учаскелері таңғы сағат 07:00–ден кешкі 20:00–ге дейін жұмыс істейді. Дауыс берушілер сайлау күні учаскеге жеке басты куәландыратын құжатпен баруы қажет.

Маманлар дауыс беру бюллетеньдеріне мұқият болу керек деп отыр. Себебі өңір мен сайлау деңгейіне қарай бюллетеньдер төрт түрлі түсте болады.

Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалаларда сайлаушыларға 2 бюллетень беріледі:

  • Көгілдір түс — саяси партиялардың тізімі бойынша дауыс беруге арналған;
  • Жасыл түс — бірмандаттық аумақтық округтер бойынша кандидаттарға дауыс беруге арналған;

Облыстық маңызы бар қалалар мен аудандарда депутаттар тек бірмандаттық округтер бойынша сайланады:

  • Күлгін түс — облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттары үшін.
  • Қызғылт сары түс — аудандық мәслихаттар үшін.

ОСК мәліметінше, мәслихат депутаттары сайлауының қорытындысы дауыс беру күнінен кейін бес күннен кешіктірілмей анықталуы тиіс. Демек, 4 желтоқсанға дейін сайлау нәтижесі белгілі болады.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясының мүшелері 20 өңірге инспекциялық сапармен барғанын жаздық.