Мәслихат сайлауы: СҚО-да бір орынға үш үміткерден келеді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында 15 мәслихаттың 178 сайлау округі бойынша 560 кандидат ұсынылған.

Фото: Kazinform\ЖИ

СҚО аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылар тізіміне 364 мыңнан астам адам енгізілген. Олар сайлау күні 543 учаскеде дауыс беріп, өз таңдауларын жасай алады. Оның 92-сі, яғни 17% Петропавлда орналасқан. Учаскелердің басым бөлігі азаматтардың тіркелген мекенжайы бойынша ашылса, 13 учаске уақытша ұйымдастырылған.

Жалпы, облыста барлығы 15 мәслихат жұмыс істейді. Оның біреуі — облыстық, тағы біреуі — Петропавл қалалық және қалған 13-і аудандық мәслихат. Оларға жалпы саны 193 депутат сайланады. Атап айтқанда, облыстық мәслихатта 30, қалалық мәслихатта 18, ал аудандық мәслихаттарда 145 депутаттық орын бар.

— Облыстық мәслихаттағы депутаттардың жартысы партиялық тізім бойынша, қалған жартысы бірмандаттық аумақтық сайлау округтері арқылы сайланады. Ал қалалық және аудандық мәслихат депутаттары тек бірмандаттық округтер бойынша анықталады. Осылайша, өңірде барлығы 178 сайлау округі құрылған. Сайлау науқанында депутаттық мандатқа таласушылардың қатары аз емес. 352-сі өзін-өзі ұсынса, 208-і алты саяси партияның атынан тіркелуге ниет білдірген, — дейді СҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Сағындық Рахымжан.

Сайлауды ұйымдастыруға облыс бойынша 731 сайлау комиссиясы жұмылдырылған. Оның 15-і — аумақтық, 173-і — округтік және 543-і — учаскелік комиссия. Комиссия құрамында барлығы 4061 адам бар.

Бұған дейін Алматыда 29 қарашада 670 сайлау учаскесі жұмыс істейтінін жазған едік.